«Шетелдік жабдықты отандық өнім ретінде өткізген»: OrdaMed басшысы Грузиядан Қазақстанға жеткізілді

Медициналық бұйымдар шығаратын «OrdaMed» АҚ басқарма төрағасы Еркін Ділімбетов Грузиядан экстрадицияланды. Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және жалған медициналық бұйымдарды көп мөлшерде өндіріп, сатқан деген күдікке ілініп отыр.

Бас прокуратура/видеодан кадр

Астана, NEGE. Бас прокуратураның хабарлауынша, тергеу барысында оның отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Атап айтқанда, ол уәкілетті органдарға медициналық жабдықтардың Қазақстанда шығарылғаны туралы жалған мәліметтер ұсынған. Алайда ешқандай өндіріс ұйымдастырылмаған, компания шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техниканы мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізген. 

Заңсыз схема салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келген.

Қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып жүрген күдікті осы жылдың наурыз айында Грузия аумағында ұсталған.

«Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, оның мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салсақ, биыл қаңтарда ҰҚК фармацевтика саласындағы заңсыз схема әшкерелегенін хабарлаған еді. Комитет мәліметінше, OrdaMed АҚ басшылығы Қазақстанда өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланып, 28 түрлі медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізуге заңсыз преференциялар алған. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге залал келген.

Сот санкциясымен компанияның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынған.

Көп ұзамай OrdaMed директоры Еркін Ділімбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ҰҚК айыптауына жауап берді. Оның айтуынша, компания жеткізілмеген жабдық үшін төлем алмаған, ал мемлекеттік келісімшарттар толық орындалған.

Кейін Ділімбетовке іздеу жарияланғаны мәлім болды. 44 жастағы кәсіпкерді іздеу ісі 28 қаңтарда тіркелген. Іздеуге Ұлттық қауіпсіздік қызметі бастамашы болған.