23 мая 2025 г. 17:38

«Өкпе жыртылып, ішіне көп мөлшерде қан кеткен» – Шерзаттың сотына Бишімбаев ісімен танылған тәуелсіз сарапшы Халимназаров қатысты

Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Сот отырысы барысында іс материалдары мен бейнежазбалар зерделеніп, беттестірулер жүргізіліп, куәлар, сотталушылар, жәбірленушілерден түсініктемелер алынды.

Сонымен қатар екі сот-медицина сарапшысынан жауап алынып жатыр. Бірінші болып Мұхит Көшеров айғақ берді.

Көшеровтің айтуынша, егер Шерзатқа дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, хирургиялық ота жасап, қанды тоқтату және жоғалтқан қанның орнын толтырғанда аман алып қалуға болатын еді.

Екінші болып сотта тәуелсіз сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров жауап берді. Тахир Халимназаров көпшілікке Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша танылған.

Жәбірленушілердің бұрынғы адвокаттары да өтінішхат түсірген, сол себепті тергеу барысында Тахир Халимназаров марқұмның денесіндегі жарақаттарға сараптама жасап, өзінің қорытындысын ұсынған.

«Өлімге кеуде қуысындағы кесілген жарақат себеп болған. Жарақат арқылы өкпе жыртылып, ішіне көп мөлшерде қан кеткеннен қайтыс болған. Өлімге сол жарақаты себеп болып тұр. Қалған бетінде анықталған қанталау мен сызаттар сараптама әдістері бойынша, оны сыртқы жарақаттар деп айтады. Олар денсаулыққа зиян келтірмейді. Өлімге себеп бола алмайды. Олар жай ғана жарақат деп есептеледі. Былай айтқанда, тек ауырсыну тудырады, болды. Денсаулыққа зиян келтірмегендіктен, өлімге алып келмейді. Бұл жерде өлімнің себебі қанды көп мөлшерде жоғалту болып тұр. Сыртқы жарақаттан көп қан жоғалтпайды», – дейді Халимназаров.

Жәбірленушілердің адвокаты Шерзатты аман алып қалуға болар ма еді деп сұрады. Халимназаровтың айтуынша, 1 литрге дейін қан кеткенге дейін көмектескенде аман алып қалуға болар еді.

«Кесілген тамырлар мөлшері, жараға байланысты болады. Мәйітті зерттеген кезде кеуде қуысында 1,5 литр қан анықталған. Бұл көп мөлшерде. 500-600 милилитрден кейін адамның жағдайы ауырлайды. 1 литр қан тез жоғалса адам ауыр жағдайда болады. Бұл жерде өкпе кесіліп, қан ішке кетіп қалған. Уақыт созылып кеткен, сол үшін аман алып қалу мүмкін болмаған. Оның үстіне кеуде қуысынан анықталған 1,5 литр қанға сыртқа аққан қандар қосылып, мөлшері көбейген. Адамды отырғызсаңыз да, жатқызсаңыз да жарадан қан аға береді», – деді сарапшы.

Шерзат жарақат алған кезде қасында болған бауыры Нұрғанат Ғайыпбаев жедел жәрдем қызметкері. Осы орайда адвокат Мейірман Шекеев сарапшы Тахир Халимназаровтан: «Нұрғанат дер кезінде сол жерде көмектесе алатын ба еді?», – деп сұрады.

«Ойлаңыздаршы, ол сыртқа кетіп жатқан қан емес, ішінде өкпе зақымданып жатқан. Қан кеуде қуысына аққан. Мәйітті зерттеген  кезде іштен 1,5 литр қан анықталған. Ол тек сыртқы қанды тоқтата алады», – деп жауап берді сарапшы.