Шерзатты аман алып қалуға болар ма еді? Сот-медицина сарапшысы жауап берді

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысы барысында іс материалдары мен бейнежазбалар зерделеніп, беттестірулер жүргізіліп, куәлар, сотталушылар, жәбірленушілерден түсініктемелер алынып жатыр.
Сонымен қатар сотта Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының маманы Мұхит Көшеров Шерзат Полатқа келтірілген дене жарақаттарға қатысты жауап берді. Ол Шерзат Полаттың денесіне жүргізілген тексеріс барысында анықталған мән-жайларды айтып, өліміне нақты қандай жарақаттың себеп болғанын мәлімдеді.
«Мен тексеру жүргізген кезде сол жақ дене қуысына еніп, шаншыла кесілген дене жарақаты анықталды. Бұл жарақат қолтық сызығы мен артқы қолтық сызығы арасында, 5-6 қабырға аралығында орналасқан. Жара плевра қуысына дейін енген. Сыртқы жараның ұзындығы – шамамен екі сантиметр. Жара каналының бағыты арттан алға қарай, солдан оңға және сәл жоғарыдан төменге қарай бағытталған. Тереңдігі – шамамен 2,5 2,5 сантиметр... Тікелей өліміне сол жақ кеуде қуысына шаншыла кірген жарақат себеп болған. Сол жақ өкпесінің жарақаты. Гематркс. Плевра қуысына 1500 милилитр қанның жиналуы», – деді Мұхит Көшеров.
Прокурор Дана Сәрсенбай «Шерзат Полатқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде аман алып қалуға болар ма еді?», – деп сұрады. Сарапшының айтуынша, дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген жағдайда, мұндай жарақат адам өліміне себепші болады.
«Егер бұл жағдайда арнайы медициналық көмек, хирургиялық ота, қанды тоқтату және жоғалтқан қанның орнын толтырған кезде аман алып қалу мүмкін еді», – деді срапшы.
Сот-медицина сарапшысының айтуынша, егер пышақ жарақаты болмаған жағдайда, денедегі көгерулер мен сызаттар өлімге әкелмес еді, өйткені олар үстіңгі жарақаттар. Ол Шерзаттың өте көп қан жоғалтқанын айтты. Оның шабуыл жасағандардан қашуға тырысуы қан жоғалтуды үдете түскен.