18 апреля 2025 г. 12:26

«Барлығы қасақана өлтіруге келді» – Сотта Шерзат Полаттың әжесі куәлік етті

Фото: Жоғарғы сот

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгін куәгерлерден жауап алынып жатыр. Бірінші болып марқұм Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алынды. Ол оқиғаның қалай өрбігенін сұрақтарға жауап бере отырып баяндады. 

Оның айтуынша, олар отбасымен шай ішіп жатқанда, ұлы Қаржаубай қоңырау шалып, бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты оятуды сұраған.

«Қаржаубай Нұрғанаттың келуі қажет екенін, Шерзаттың біреуді ұрғанын айтты. Нұрғанат тез жиналып, шығып кетті. Тыныш емес екенін сезіп, таксиге шақырып, біз де ізінше жолға шықтық. «Біреуді ұрып қойыпты» деген соң, әжесі ретінде кешірім сұрауға өзім де бардым. Бірақ ол ешқашан шектен шықпайтын, өзін ұстай білетін бала еді. Баламның бір рет ұрғаны үшін оны оншақты адам жабылып өлтіреді деп ойлаған жоқпын. Жеткенде көп адам тұрғанын көрдік. Құлап жатқан Шерзатты барлығы ұрып-соғып, тепкіледі. Шет қалған адам жоқ. Барлығы қасақана өлтіруге келді. Кейінірек олар қашып бара жатқанда, олардан пышақ көрдім. Олар үш көлікке отырып, кетіп қалды. Қасында екі қыз болды. Шерзатпен бірге өлдім деп ойладым. Қолымда өскен бала. Бала кезінен бері тәрбиеледім», - деді Кадирова.

Сот төрағасы Ержан Жанұзақов одан сотталушылардың арасынан кімді танитынын сұрады. Кадирова тек Абзал Шынасылды танитынын айтып, оның тегімен тек сот барысында ғана танысқанын жеткізді.