Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды
Астанада Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің кассациялық шағымы қаралды.
Астана, NEGE. Дидар Қалиахметтің адвокаты қылмыс алдын ала сөз байласу арқылы жасалмағанын алға тартып, істі тоқтатуды сұрады. Ал Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты тағайындалған жазаны жеңілдетуді және сотталғанды жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өтеу міндетінен босатуды өтінді.
Алайда Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқа бірінші және апелляциялық сатыдағы сот үкімдерін өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты 2025 жылғы 5 маусымда 9 адамға сот үкімі шықты. Соның ішінде Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) жасағаны үшін, бұрын жасаған ауыр қылмысы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Дидар Қалиахмет Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.