«Тілдің тағдырын жастар шешеді» – Шетелде оқып жүрген қазақ жастарының мемлекеттік тілге деген көзқарасы қандай?
Қазақ тілі – ұлттық болмысымыздың өзегі, рухани тірегіміз. Тіл – халықтың жан дүниесін, дүниетанымын, рухани биігін танытатын киелі ұғым. Бүгінде тіл мәселесі әрбір саналы азаматтың, әсіресе, жастардың ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымын көрсететін өлшемге айнала бастағаны қуантады.
NEGE тілшісі шетелде оқитын қазақ жастары арасында сауалнама жүргізіп, олардың тіл, еркіндік, жауапкершілік жайындағы көзқарасын сұрады.
Еңлік Ұзаққызы, Padova University студенті (Италия):
Атрибут өзгергенімен, ішкі тілдік дағды өзгерген жоқ
– Қазір жастар арасында қазақша сөйлеу белгілі бір дәрежеде сәнге айналды. Ұлттық нақыштағы киім кию, қазақша ән тыңдау біраздан бері трендте. Алайда, сыртқы атрибут өзгергенімен, ішкі тілдік дағды әлі де сол қалпы. Осындайда өзге ұлт өкілдері «қазақтың тілі орыс тілі екен ғой» деп қате пайым жасайды. Өйткені олар көріп тұрған жайт осы. Қазақ жастарының көпшілігі өз ана тілінен гөрі өзге тілде еркін сөйлеп, сол тілде ойлайтыны өкінішті.
Италияда жағдай мүлдем басқаша. Мұнда өз тілінде сөйлей алмайтын италиялықты табу мүмкін емес. Тіпті ағылшын тілін білетіндері аз, білсе де, күнделікті өмірде қолданбайды. Олар өз тілінен өзге тілді аса қажет етпейді де, мойындамайды да.
Қала көшелерінде, дүкен атауларында, жарнамалар мен ресми хабарламаларда барлығы тек бір тілде – итальянша жазылады. Біздегідей үш тіл қатар жүретін жүйе жоқ. Коммерциялық сайттарында да басқа тіл жоқ – тек италиянша. Ал олардың тілін түсінбесең, бұл сенің жеңе мәселең проблемаң.
Нурайым Оралбай, Hollywood Education Institute студенті, (АҚШ):
Тіл – болмыс
– Тіл таңдау емес, тіл – болмыс. Ол ұлттың жүрегі, рухтың лүпілі. Демократия еркіндік беріп қана қоймайды, ұлттың тіліне тірек болуды да талап етеді. Бүгінде қазақ тілі ресмиліктен шығып, өнерге, стильге, креативке айналып келеді.
Қазақ тілі креативтің тіліне айналуы үшін ең алдымен блогерлер мен контент жасаушылар қазақша сөйлеуі керек. Олар қазақ тілінде сапалы, заманауи, қызықты мазмұн жасап отырса, жастар соған қарайды. Өйткені олар – қоғамдағы тренд қалыптастырушылар.
АҚШ-та ағылшын тілі – саясаттың, өнердің, шоу-бизнестің, табыстың тілі. Біз де қазақ тілін дәл солай өмір сүрудің, шабыт пен табыстың тетігіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін қазақша сөйлеу – сән, қазақша ойлау – жаңашылдық, ал қазақ тілін меңгеру – табысты болудың жолы деңгейіне көтерілуі керек.
Эльдар Саттаров, Саясаттану университетінің студенті (Польша):
Польшада тілге деген көзқарас ерекше
– Тілге зорлық жүрмейтіні рас, бірақ еркіндікті бейтараптық деп түсінуге болмайды. Қазақ тілі жай қатынас құралы емес, ұлттың жан айнасы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тілге қатысты мәлімдемесін демократиялық қоғам құндылықтарын басшылыққа алған, тіл саясатының еркіндікке негізделген ұстанымы ретінде қабылдадым. Алайда, мұны қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін екінші қатарға ысырып қойды дегенді білдірмейді. Керісінше, тілге құрметпен қарауды үндейтін ұстаным.
Польшада тілге деген көзқарас ерекше. Бұл елде студент университетке түскенде, егер поляк тілін білмесе, оған алғашқы бір жыл тегін тіл үйренуге мүмкіндік беріледі.
Бұл – жай ғана мүмкіндік емес, оқуға қабылданудың тікелей шарты. Осы арқылы мемлекет өзінің тілін қорғап қана қоймай, оны автоматты түрде шетелдіктерге де үйретіп отырады. Тілге деген осындай жүйелі талаптар – ұлттық тұтастықты сақтаудың нақты жолы.
Аружан Асқарқызы, Адам Мицкевич атындағы университеттің студенті (Польша):
Біз де туған тілімізбен мақтануымыз керек
– Басқа ұлттың өкілі «Қазақстанда барлығы орысша сөйлейді» десе, жүрегің сыздайды. Қайда жүрсек те, қазақ тіліне немқұрайлы қарағанымыз – өз болмысымыздан бас тартқанымыз.
Соңғы кездері, әсіресе, «Magnum» супермаркеті төңірегінде болған оқиғалардан кейін, қазақ тілінің қоғамдағы орны бұрынғыдан анағұрлым айқындала түскенін байқаймын. Бұған дейін еленбей келген мәселелер енді көпшілік назарын аударып, тіл тағдырына алаңдайтын азаматтардың үні күшейе бастағандай.
Алайда ең алдымен өзара сөйлескенде қазақша сөйлеуді дағдыға айналдыру керек. Тілді қорғайтын ұрпақ болмасақ, өткеннің аманатына қиянат жасаймыз. Поляктар сияқты біз де туған тілімізбен мақтануымыз керек. Егер тіліміз жоғалса, бәрі жоғалады.
Әділет Мұхаметжан, Варшава политехникалық университетінің студенті (Польша):
Тілдің тағдырын жастар шешеді
– Бүгінгі жастардың көпшілігі екі ортада жүр: не қазақша жақсы білмейді, не өзге тілді толық меңгермеген. Әлеуметтік желіде де, ауызекі сөзде де тілді шұбарлау үдеп барады. Бұл – ана тіліміздің болашағына төнген қауіп.
Меніңше, тілдің тағдырын аға буын емес, жастар шешеді. Сол себепті балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орнында қазақ тілінің қадірі мен мәнін терең ұғындыру қажет.
Мәселен поляк балалары тек өз тілінде сөйлейді, ал өзге тіл білмесе, ұялмайды. Өйткені олар өзінің ана тілінде таза сөйлейді. Біз де сол деңгейге жетуіміз керек.
Алмас Ерланұлы, Vincent Pol University (Польша):
Әділетті талаптар керек
– Менің ойымша, қазақ тілін дамыту үшін мемлекет тарапынан нақты заңнамалық негіздер, жүйелі талаптар қажет. Себебі, тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, рухының айнасы. Біз оны қорғап, қолдап, дамытуға міндеттіміз. Мәжбүрлеу емес, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыратын, оны күнделікті өмірде қолдануға жол ашатын әділетті талаптар керек.
Польшада жүргенімде байқағаным, мемлекеттік жүйе ешқашан тіл мәселесінде ымыраға келмейді. Барлық ресми құжаттар, сот отырыстары, мемлекеттік қызметтер тек поляк тілінде жүргізіледі. Ешкім сен үшін басқа тілге аударып әуре болмайды. Бұл – ұлттық жауапкершілік пен тілді құрметтеудің нақты үлгісі.
Біз де осындай нақты ұстанымды қалыптастыруымыз қажет. Қазақстанда да құжаттар, сот процестері, әкімшілік іс-қағаздар түгелдей қазақ тілінде жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.
Редакциядан: Шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының тілге қатысты ойы, міне, осындай. Өзге тілді туған тілінен кем білмейтін білімді һәм талапшыл буын өсіп келе жатқаны қуантады.