Шарм-эль-Шейх әуежайында Қазақстан азаматы қаза тапты
Алматы, NEGE. 18 мамыр түнде Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайында (Мысыр) қайғылы жағдай болды. SCAT әуе компаниясының 5270 рейсімен Астанаға ұшпақ болған жолаушыларға жарты сағат қалғанда, №2 терминалдың күту залында ауыр металлдан жасалған жарнамалық тақта құлап кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, тақта адамдар отырған орынға құлаған. Бір адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында дүрбелең туып, адамдар айқайлап, зардап шеккендерге көмектесуге тырысқан.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан бұл ақпаратты растады.
– Кеше Шарм-эш-Шейх әуежайының ұшу аймағында рейске отыруды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық қалқан құлап, қайғылы жағдай орын алды. Оқиға салдарынан Қазақстан Республикасының азаматшасы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алды, – деді ол.
Ведомствоның ресми өкілінің хабарлауынша, қаза тапқан әйелдің туыстарымен байланыс орнатылып, консул барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Жарақат алған екі әйелге медициналық көмек көрсетілген, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.