18 декабря 2025 г. 11:00

Сенатта ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қаралып жатыр

Фото: pixabay.com

Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда мақұлданды.

Астана, NEGE. Депутат Сергей Ершов осы заң аясында дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салуды көздейтін түзету енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Ол мәдениет және ақпарат министрлігі мен әділет министрлігінің өкілдерінен бұл өзгеріс халықаралық міндеттемелерге қайшы келе ме, жоқ па деген сұрақ қойды.

Сенатордың сұрағына ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді. Оның айтуынша, 2024 жылғы маусымда петиция жарияланған күннен бастап жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына осы мәселемен айналысатын барлық үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ құқық қорғау ұйымдары енгізілген.

Оның сөзінше, бұл нормалар Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық кеңсесінде, сондай-ақ әділет министрлігі жанындағы Еуропалық Одақпен бірлескен жұмыс тобының алаңында түсіндірілген. 

«Бұл нормаларға қатысты түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз болды деуге негіз жоқ. Тіпті онлайн платформалармен, онлайн кинотеатрлармен осы нормаларды енгізу және қолдану мәселелері талқыланған жағдайда да, әр кезеңде үкіметтік емес ұйымдар мен осы салада жұмыс істейтін құқық қорғаушылар қатысатын болады», – деді Евгений Кочетов.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова халықаралық құқықта пікір білдіру еркіндігін шектеуге жол берілетінін айтты. Ол мұндай шектеу тек мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, адамгершілік пен халық денсаулығын қорғауға бағытталған жағдайларда ғана мүмкін екенін атап өтті. 

«ЛГБТ қатарында болу құқықбұзушылық болып саналмайды. Ол Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша да, халықаралық құқық бойынша да құқықбұзушылық емес. Бұған байланысты ешқандай жауапкершілік көзделмейді Бұл норма тек ЛГБТ-ға қатысты жария насихатқа ғана қолданылады», – деді әділет вице-министрі.

Заңға енгізілетін түзетуді сенаторлар екінші оқылымда қарайтын болды.

Тегтер: