Сенат рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады

Сенат депутаттары 11 маусымда  «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды және оған ілеспе заңнамалық түзетулерді мақұлдады.

shutterstock.com

Астана, NEGE. Сенат аппараты жетекшісі Максим Споткайдың нақтылауынша, бұл заңдар әділеттілік, гуманизм және заң үстемдігі қағидаттарын іске асыруға бағытталған. 

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, рақымшылық актісі 15 295 адамға қолданылады. Олардың 1 468-і бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы мүмкін, ал қалғандары үшін жаза мерзімін қысқарту және өзге де құқықтық шаралар қарастырылған.

«Рақымшылық қылмыстық теріс қылық жасағандарға, онша ауыр емес қылмыстар жасағандарға, сондай-ақ зиян келтірілмеген немесе келтірілген зиян толық өтелген, не болмаса азаматтық талап қойылмаған кейбір орташа ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады», – деп түсіндіреді Сенат өкілі.

Сотталғандардың кейбір санаттары үшін жаза мерзімі қысқартылады:
Орташа ауыр, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдарға заңда белгіленген шарттар сақталған жағдайда өтелмеген жазаның бір бөлігі қысқартылуы мүмкін. Оның ішінде келтірілген зиянды өтеуге қатысты талаптар да бар.

Айта кетерлігі, Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізіліп отыр. 
Әкімшілік айыппұлдардан:

  • Қазақстан азаматтары;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке нотариустар;
  • сот орындаушылары;
  • адвокаттар;
  • заң консультанттары босатылады.

Бірақ айыппұлдар заң күшіне енген сәтке дейін төленбеген болуы қажет.

Алайда аса қауіпті құқықбұзушылық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау және басқа да ауыр әрі аса ауыр қылмыстарды жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды.

Бұған қоса заңда босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік бейімдеу, емделуді жалғастыру, білім алу және қайта қоғамға бейімдеу (әлеуметтендіру) сияқты қалыпты өмір салтына оралуын қолдау шаралары қарастырылған.