Сенат бұралқы иттерді өлтіруге қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Сенаторлар қоғамда үлкен резонанс тудырған бұралқы иттерді өлтіруге рұқсат беретін заң жобасын Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды.
Астана, NEGE. Заң жобасы Сенатқа келіп түскеннен бері жұмыс тобының бес отырысы өтті. Осы уақыт ішінде азаматтардан келіп түскен 300-ден астам өтініш қаралған. Талқылауға сенаторлармен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері және қоғам белсенділері қатысқан. Иесіз жануарлар мәселесіне әсіресе өңірлерден келген өкілдер алаңдаушылық білдірген.
Осыған байланысты Сенат депутаттары Мәжілістен келген заң жобасына бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, иесіз жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін әр өңірдің мәслихаттары өз бетінше белгілеуі тиіс деген ұсыныс айтылды.
Сондай-ақ, Мәжіліс қабылдаған нұсқада қарастырылған, жануарлар панажайына түскен ит-мысықтарды бес күннен кейін эвтаназиялау нормасын қайта қарау ұсынылды. Сенаторлар заң мәтінінен «эвтаназия» терминін алып тастауды жөн деп санайды.
Бұдан бөлек, бұралқы жануарды анықтауда оның чипінің бар-жоғына емес, иесінің бар-жоғына басымдық беру ұсынылды. Өйткені барлық үй жануарларын қысқа уақыт ішінде толықтай чиптеу, әсіресе, шалғай ауылдарда оңай емес.
Одан бөлек, заңға мазмұндық және құқықтық сипаттағы басқа да өзгерістер енгізу ұсынылған.
- Тақырыпқа орай: Президент үй жануарларын азаптағандарды қатаң жазалауды тапсырды