Семейде стадион аумағынан табылған адам сүйегі 8 жыл бұрынғы құпияны ашуы мүмкін

Семейдегі бұрынғы «Пищевик» стадионы аумағында құрылыс жұмыстары кезінде табылған адам сүйегіне қатысты қала тұрғындарының бірі күтпеген мәлімдеме жасады.

Видеодан кадр/Almaty.tv

Астана, NEGE. Оның болжамынша, сүйек осыдан сегіз жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен әкесіне тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty. tv.

Меруерт Нүриденованың айтуынша, әкесі жоғалар алдында стадионда күзетші болып жұмыс істеген. Кезекті ауысымынан кейін үйіне оралмаған. Содан бері ол хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Табылған сүйек қалдықтары сараптамаға жіберілді. Оның нәтижесі алдағы айларда шығады деп  күтіледі. Ал нысандағы құрылыс жұмыстары зерттеу аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылған.

«Осы жерден адамның сүйегі табылды дегенде, бірден күдік пайда болды. Өйткені дәл осы жерде әкем жоғалып кеткен еді. Енді сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Бізге бір-екі айдан кейін хабарласыңдар деді. Әрине, шындықты білгіміз келеді. Әкемнің қабіріне барып, құран бағыштайтын мүмкіндік болса екен», – дейді қала тұрғыны Меруерт Нүриденова.

Еске салсақ, Семейде құрылыс алаңынан адам сүйегі 2026 жылғы 9 шілдеде табылған. Оны құрылыс алаңынан жергілікті тұрғын байқаған. Оның айтуынша, бұрынғы стадион аумағында спорт кешенін салу үшін жер қазылып жатқан кезде сүйектер жан-жаққа шашылып жатқан.