29 апреля 2022 г. 8:11

Сейітқазы Матаев: Бұрынғы президентті үш-төрт жылдан кейін бәрі ұмытады

Фото:
Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев

Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жұмыс істеген күндерін еске түсірді. Басына түскен қиындықтар мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер жайында да пікір білдірді.

Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы болдыңыз. Сол күндер жайлы естеліктеріңізді айтып бере аласыз ба?

– 1991-1993 жылдары қызмет атқардым. Бәрі аяқ астынан болды. Қарағандыдағы бір газетте тілші болып жұмыс істеп жүргенмін. Алматыға шақырып алды да, ұсыныс айтты. Мен «мұндай жұмыстың қажеті жоқ» деп ашық айттым. «Бірге істейік» деп мені көндіріп, жұмысқа алды.

Тоқсаныншы жылдардың басы. Фото: Айсагали Кыдыр

Қоян-қолтық жұмыс жасалатын болса ғана жұмыс істейтінімді, үшінші адам арқылы болса, бармайтынымды айттым. Талабым орындалды. Ол кезде Назарбаев демократияға дұрыс көзқараста болатын. Кейінірек 1996-97 жылдары «бұзылды» ғой.

Тіл табысып жұмыс істей алдыңыздар ма?

– Жақсы жұмыс істедік. «Журналистерді қайта-қайта жіберіп жатырсың, мен шаршадым», – дейтін Назарбаев. «Жаңа ел құрылды. Жаңадан президент  болып жатырсыз. Сізге мұның көмегі болады», – деп жауап беретінмін.

Ол кезде шетелден көп журналистер келетін. Соларды Назарбаевқа күн сайын кіргізетінмін. «Президент ашық болуы керек», – деп жиі айтатынмын. Кезінде солай болды да.

Қайбір жылы сізге билік тарапынан қатты қысым болды. Мүліктеріңізді тартып алып, ұлыңызбен бірге қосақтап қамап та қойды. Қазір осы жайттар жөнінде ашық айта аласыз ба?

Әсет Матаев пен Сейтқазы Матаев. Фото: tengrinews.kz

– Журналистер одағының төрағасы ретінде ашық жұмыс істедім. Сол кездегі үлескерлердің және басқа да топтардың мәселесін ашық көтеруге қолғабыс жасадым. «Нұр Отан» ғана емес, басқа партияларға да, оппозицияға да сөз беретінмін.

Президенттің қасында жүрген адамдар «бұлай болмайды» деп, журналистік іс-әрекетіме шектеу қоя бастады. Рұқсат бермейтіндерін ашық айтты. Мен бұған көнбедім.

Соған ерегесіп, баспасөз орталығы орналасқан ғимаратымды бұзып тастады. Сосын «Журналистер одағынан кетесің!» деп талап қойды.  «Бұл – мемлекеттік мекеме емес. Журналистер сайлаған. Кетпеймін», – деп бас тарттым. Содан кейін «ақша ұрладың» деп айып таға бастады. Бірақ ешқандай ілік таба алмады. Ақырында «салық төлемедің, шетелден ақша алдың» деп шықты. Азаттық радиосы мен BBC біздің ғимараттың кабинеттерін жалға алғаны рас. Соны алға тартты.

Фото: sputnik.kz

«Сен байсың. Шет елдерде – Қырғызстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда, Иран мен Ауғанстанда ақпарат агенттігінің бар. Соны бізге бер», – деп тиісті. Мемлекетке қарамайтын жекеменшік агенттік екенін айтып, көнбедім. Біреуін де ешкімге бермедім.

Сізді қудалаған кезде Н.Назарбаев әлі президент еді. Қазір Тұңғыш президенттің мәртебесін Конституцияда бекіткелі жатыр. Бұл мәселе туралы не айтар едіңіз?

– Жағымпаз адамдар көп қой. Депутаттардың ішінде оны әлі де қолдайтындар бар. Мұны әдейі істеп жатыр.

Бұрынғы президенттің барлық өкілеттіліктерін алып тастау қажет. Мұнымен толық келісемін. Отыз жыл елді биледі. Конституцияда қалдырса да, алып тастаса да, одан ештеңе өзгермейді. Көп болса, үш-төрт жылдан кейін бұрынғы президентті бәрі ұмытады.

Бұл бастамалар не үшін көтеріліп жатыр, сонда?

– Болашақта ондай болмасын дегені шығар. Тоқаев билік партиясынан шықты. Онысы дұрыс. Президент ешқандай партияда болмауы керек.

Тегтер: