Саяси реинкарнация дейтіндей өліп, тірілген жоқпын – Ғабидолла Әбдірахымов
Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде жақында Samruk-Kazyna Construction компаниясында басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов та дауыс берді.
Астана, NEGE. Дауыс бергеннен кейін «Самұрықтың» топ-менеджері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қазіргі уақытта жаңа қызметте 1,3 млн теңге жалақы алып жүргенін айтты.
БАҚ өкілдері Әбдірахымовтан қоғамдық-саяси кеңістікке қайта оралуы жөнінде сұрақ қойды.
«Саяси реинкарнация деген не? Олай дейтіндей мен өліп-тірілген жоқпын ғой. Мені Президент емес, сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы сынаған. Ол сөздерді оның өз ар-ұжданына қалдырдық, өйткені заңнамада мұндай тұжырым қарастырылмаған. Ал реинкарнация дейтіндей мен өліп, тірілген жоқпын», – деді Әбдірахымов.
Сондай-ақ ол Президенттің сынынан кейін компанияда қанша адам қалғаны туралы сұраққа жауап беріп өтті.
«Компанияда қазір 57 адам ғана жұмыс істеп жатыр. Президент қысқарту туралы тапсырма бергеннен кейін біз қызметкерлердің 18 пайызын қысқарттық», – деген Әбдірахымов қысқарту арқылы қанша ақша үнемделгенін айта алмады.
Айта кетейік, Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бірнеше жылғы үзілістен кейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.