9 Қаңтар 15:14
...

«Зың әкім» атанған Ғабидолла Әбдірахымов жаңа қызметке тұрды

gov.kz
Фото: gov.kz

Ғабидолла Әбдірахымов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Астана, NEGE. Шымкент қаласы экс-әкімінің жаңа қызметке тағайындалғаны оның «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілі ретінде Түркістан облысына жұмыс сапарымен барғаны туралы ақпарат тарағанда мәлім болды. Ол қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы базасындағы электр станцияның құрылысымен танысуға барған. Бұл жөніндегі ақпарат  «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің ресми сайтында жарияланды.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабидолла Әбдірахымов бұл қызметке 2025 жылғы 29 желтоқсаннан бастап кіріскен.

Ол Шымкент қаласын екі рет басқарған. Әкім болып жүргенде Лондонда видео түсіремін деп басы дауға қалып, 2019 жылы қала басшысы қызметінен кетті.

Кейін премьер-министрдің кеңесшісі, мәдениет және спорт вице-министрі қызметтерін атқарды.

2022 жылы бұрынғы Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовке қатысты «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Әбдірахымов бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, «біреу тапсырыс берді» деп күдіктенетінін айтқан.