23 января 2026 г. 16:16

Сәпиев пен орынбасарының арасындағы дау неден шыққаны мәлім болды

Фото: Желідегі парақшасынан

Астана дзюдо федерациясының президенті Айдар Махметов Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжал неден шыққанын айтты.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, екеуара дау қызметтік мәселелерге байланысты туындаған.

«Серікпен қазір ғана сөйлестім. Оның орынбасары Есімхановпен болған келіспеушілік тек қызметтік мәселелерге байланысты туындаған – қажетті құжаттарды беруден бас тарту себебінен.

Екеуінің жұдырықтасқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өткім келеді. Ешкім ешкімді ұрмаған», – дейді Айдар Махметов.

Ол жағдай толықтай реттелгенін, тараптар өзара түсінісіп, дау шешілгенін атап өткен.

Айта кетейік, желіде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен орынбасары – самбодан әлем чемпионы Дәурен Есімханов төбелескені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.