23 Қаңтар 11:39
...

Серік Сәпиевке орынбасары жұдырық жұмсаған

gov.kz
Фото: gov.kz

Желіде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен орынбасары – самбодан әлем чемпионы Дәурен Есімханов төбелескені туралы ақпарат тарады.

Астана, NEGE. Бұл жағдай 21 қаңтар күні болған. «Вечерняя Караганда» басылымының жазуынша, сол күні жұмыс уақытында Сәпиев пен Есімханов арасында шыққан жанжал соңы төбелеске ұласып, салдарынан боксшы дене жарақатын алған.

Полицейлер бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы бойынша соққыға жығу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында екі ер адам арасында жанжал болған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», – делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Серік Сәпиев қазір Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады, ал Дәурен Есімханов оның орынбасары екені айтылады.

Тегтер: