«Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына» қорына 62,2 млрд теңге бөледі

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2025 жылғы таза кірісінің бір бөлігін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. Тиісті шешімді қордың жалғыз акционері қабылдады.

«Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, «Самұрық-Қазынаның» 2025 жылғы шоғырландырылған таза кірісі 2 трлн 341,5 млрд теңгені құраған. Оның 62 млрд 179,2 млн теңгесі «Қазақстан халқына» қорына бөлінеді.

Қаражат Үкімет бекіткен ережеге сәйкес аударылады.

Таза кірістің қалған бөлігі «Самұрық-Қазына» мен оның компанияларының иелігінде қалады. Бұл қаражат инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруға, қарыздарды өтеуге және активтер сатып алуға жұмсалады.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Қазақстан халқына» қорына таза пайдасының кемінде 7 пайызын неге толық аудармай отырғаны жайлы мәселе көтерген еді. Оның айтуынша, қор 2022 жылы таза пайдасының 7 пайызын, ал 2023 жылы – 3,8 пайызын, 2024 жылы – 5,2 пайызын ғана аударған.

Депутаттың сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қаражатты аудару үшін Үкімет қаулысы, екі қор арасындағы келісім және «Қазақстан халқына» қорының ресми сұрау хаты қажет екенін айтқан.