Рухани құндылық – ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұра
Қазақ халқының рухани құндылықтары – ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, тұрмыс салт арқылы қалыптасып келген баға жетпес мұра.
Бұл ұлттың болмысын айқындап қана қоймай, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін оятады. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің ең маңызды қайнар көзі саналатын рухани құндылық – халықтың тарихы мен тұрмыс салтында сақталған адамгершілік, әділдік, бауырмалдық сияқты қасиеттердің жиынтығы. Себебі, қазақ халқы ежелден «Отан – отбасынан басталады» деген қағиданы берік ұстанып, ұлттық тәрбиенің негізін отбасынан бастаған.
Тіл мен дәстүр – бір-бірімен сабақтас. Рухани құндылық негігі саналатын ана тілі – ұлттың жаны, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Салт-дәстүрлер арқылы қазақ халқы ұрпағына өмірлік тәжірибе мен үлгі-өнеге беріп, ұлт санасын қалыптастыруды ұмытпаған. Мысалы, баланың жарқын болашағына ақ жол тілеу үшін тұсаукесер рәсімін жасаса, ал беташар – отбасы құндылықтарын қастерлеуге үйрететін ғұрып.
Ал әдебиет пен өнер – руханияттың алтын кені. Абайдың қара сөздері, Махамбеттің отты жырлары, Жамбылдың халықты рухтандырған өлеңдері – жас ұрпақтың бойында адамгершілік пен әділдік сезімін қалыптастырып келді. Сол сияқты домбыра күйлері мен жыраулар поэзиясы – рухани тәрбиенің шынайы мектебі.
Патриоттық тәрбиенің рөлі қандай?
Патриотизм – туған жер мен Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен адалдық. Бұл сезім жас ұрпақтың жүрегіне балалық шақтан бастап егілуі тиіс.
Патриоттық тәрбие үш басты бағытқа сүйенеді. Бірінші, тарихи сананы қалыптастыру. Қазақ хандығының құрылуы, Абылай ханның мемлекет құру жолындағы еңбегі, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрестер – нағыз патриоттық өнеге. Тарихи деректер жас ұрпақты елге деген құрметке, жауапкершілікке тәрбиелейді.
Екінші, мемлекеттік рәміздерге құрмет. Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің тәуелсіздігін білдіретін қасиетті белгілер. Бұл рәміздерді қадірлеу – патриотизмнің алғашқы көрінісі.
Үшіншіден, қоғамға адал қызмет ету. Еңбекқорлық пен білімге ұмтылу – нағыз отансүйгіш азамат болудың кепілі.
Рухани құндылық пен патриотизмнің байланысы
Руханият пен патриотизм – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Рухани құндылықтарсыз патриотизмді қалыптастыру мүмкін емес. Батырлар жыры мен тарихи дастандар жас буынды батылдыққа тәрбиелесе, Абайдың қара сөздері адалдық пен ізгілікке үйретеді. Мысалы, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген өсиеті жастарды нағыз ерлікке шақыратын рухани күш.
Қазақ тарихында патриотизмнің символына айналған тұлғалар көп. Абылай хан ел бірлігін сақтап, мемлекеттілікті нығайтты. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары тәуелсіздік идеясын ұрпақ санасына сіңірді. Кеңес одағы кезінен Бауыржан Момышұлының ерлігі мен батылдығы қазақ жастарына үлгі болып келеді. Бұл тұлғалардың барлығы – рухани құндылық пен отансүйгіштіктің бірегей үлгісі.
Жаһандану заманы және патриоттық тәрбие
Жаһандану дәуірінде көпке жұтылып кетпей, ұлттық құндылықтарды сақтау аса маңызды. Осы бағытта мемлекет тарапынан түрлі жобалар жүзеге асуда. Яғни, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен жастардың бойына патриотизм дәнін себудің тетігін қарастыру қажет.
Бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында «Абайтану», «Тарихи тұлғалар тағылымы», «Ұлттық өнер сабақтары» сияқты курстар енгізілуде. Бұл жобалар жас ұрпақтың тарихи санасын арттырып, ұлттық рухты күшейтеді. Сонымен қатар, жастарды әскери-патриоттық лагерьлерге, тарихи орындарға экскурсияға апару арқылы отансүйгіштік сезімдері нығайтылады.
Қазақтың рухани құндылықтары – ғасырлар сынынан өткен мәңгілік мұра. Бұл жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі тетігі ретінде ел болашағын айқындайды. Тілі мен тарихын қадірлейтін, дәстүрін құрметтейтін, Отанын сүйетін жас ұрпақ қана мемлекетіміздің тірегі бола алады.
Сондықтан ата-баба аңсаған мәңгілік ел идеясы – осындай рухани бай әрі патриоттық рухтағы азаматтар арқылы жүзеге асады. Ол үшін әрбір ата-ана мен ұстаздың, қала берді қоғамның міндеті – рухани жағынан жан-жақты, елі мен ұлтын сүйіп, қадірін білетін ұрпақ тәрбиелеу.