«Робин Гуд» атанған блогердің соты: Жәбірленуші судьядан қатаң жаза сұрады
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу жалғасты. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар. Олардың ішінде 16 жәбірленушіден жауап алынған.
Сот процесі кезінде БАҚ өкілдеріне сотталушылар Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваны фото-видиоға түсіруге тыйым салынды.
Сотта жауап берген жәбірленуші әйел Ілияс Сариевке 6 млн теңге несие алып берген.
«Ілияс Сариевті алғаш рет дәмханада жұмыс істеп жүрген кезде көрдім. Бұл кісілер дәмханаға кішкентай сәбиге көмектесеміз деп келді. Оған дейін де Сариевтің видеоларын интернеттен көріп жүретінмін. Қасына барып, сөйлесуге 1 минут уақыт бөлуін сұрадым. Ол «қасымдағы кісілермен сөйлесіп алайын, сосын өзім сізге келемін» деді. Жарты сағаттан кейін бұл кісі келді, отырдық, таныстық. Мен басымдағы бар жағдайымды айтып, көмек сұрадым. Қазір бала-шағамнан айырылып қалуым мүмкін, күйеуіммен соттасып жатырмын, сол себепті үй керек дедім. Ол маған көмектесетінін айтып, 200 мың теңге берді. Мен ол ақшаға пәтер ақысын төледім. Содан кейін 1 ай бір-бірімізге хабарласпай кеттік.
Кейін бұл кісіге өзім қоңырау шалдым. Көмектесемін деп едіңіз ғой, алда сот болады, үйдің жағдайы не болады, көмектесіңізші дедім. Ол көмектесетінін айтып біраз уақыт жүрді. Ол өзінің денсаулығына қатысты мәселе туындағанын, ауырып жүргенін айтты. Кездесуге уәделестік. Кездесуде ол маған: «Сен маған көмектес, сосын мен саған көмектесемін ғой. Маған ақша керек болып тұр», – деді. Мен жағдайымның қандай екенін білетінін, ақшамның жоқ екенін айттым. Сол сәтте несие алу туралы сөйлестік. Несие алып берсем, оны өзі (І.Сариев – ред.) жауып тастайтынын, сосын үй алуға көмектесетінін жеткізді. Мен келісіп, Jusan банкке бардым. Басында 8 млн теңге сұратқанбыз, 6 млн теңге шықты. Сол ақшаны алып, осы кісіге аударып бердім», – деді жәбірленуші әйел.
Жәбірленушінің айтуынша, Сариев ол ақшаны Түркияда емделуіме қажет деп алған. Қазір ол несие төленіп жатқан жоқ, ай сайын пайызы өсуде. Банктен күнде хабарласып, несиені төлеуді талап етіп жатыр екен.
«Қазір ол несиені төлеп жатқан жоқпын. Банк күнде мазамды алады. Қарыздың пайызы өсіп, 7 млн теңгеден асып кетті. Оны төлейтін жағдайым жоқ, өзім үш баламен далада қаңғырып жүрмін. Басында несиені төлеп жүрді, қамалғаннан кейін төлеуді тоқтатты», – дейді жәбірленуші.
І.Сариев жәбірленушіге үйді демеушілердің көмегімен алып беретінін айтқан. Халықтан ақша жинау туралы сөз қозғамаған. Сотта жәбірленуші Ілияс Сариевке алып берген ақшасының толық қайтарылуын сұрады. Сонымен қатар ол ақша қайтарылғанымен, І.Сариевке кешірім бермейтінін, заң алдында жауап беруі тиіс екенін айтты.
«Басқалар да алдағы уақытта мен сияқты сеніп қалмасыншы. Қатаң жаза тағайындауыңызды сұраймын. Қаншама рет жылатты, боқтады, осы кісінің кесірінен жұмыс істей алмай жүрмін. Маған зиян келтіріп отыр. Ақшамды толық қайтарсын. Менің қалай қиналып жатқанымды білесіздер ме? Бұл кісіге сендік қой», – деді ол.
І.Сариев жәбірленушіні алдау ойында болмағанын, қамалғанға дейін несиені төлеп келгенін айтты.
«Сіз мені қазір қатаң жазаға тартылсын деп отырсыз, бірақ менің ойымда сізді алдау болған жоқ. Қамалғаныма дейін хабарласып тұрдық. Бір-бірімізге жағдайымызды айттық, түсіністік таныттық. Тағы да айтайын, менің сізді алдау мақсатым болған жоқ. Мені тез қамап тастады. Түсіндіріп те үлгере алмадым. Қамалған күйі кеттім. Сізден ақша алғанымды мойындап тұрмын. Қамалмасам, бәрін өтеп беретін едім. Қамалған адам ештеңе істей алмайды. Бұл қатаң жаза сұрайтындай емес», – деді Сариев.
Сотталушының адвокаты жәбірленушіден: «Қатаң жазаға қатысты талабыңызды ойланып көруге уақыт берілсін бе?», – деп сұрады. Судья сотталушыларға ең алдымен осы жәбірленушінің ақшасын қайтарып беруді ұсынды.
«Бұл кісіні түсінуге болады. Балаларымен далада қалып отыр, оның үстіне несиесі бар. Сондықтан, жәбірленушілерге ақшаны қайтарып жатсаңыздар, менің өтінішім, бірінші осы кісіден бастасаңыздар. Жетім-жесірдің ақысын жемеңдер дейді. Ол – үлкен күнә», – деді судья.
Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.