Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан қоныс аударды
Алмвты, NEG. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, елден өз еркімен емес, амалсыздан кетуге мәжбүр болған.
«Бәрі Райымқұловадан басталды. Осындай бір мәдениет министрі болды. Бұрыннан айтып келе жатырмын. Бізде мәдениет мәселесіне немқұрайлы қарайды деп. Бірақ Райымқұлованы министр ету – шектен шыққандық еді. Оның мәдениетке қатысы менің мал шаруашылығына қатысыммен бірдей» деп жазды Тұрсынов.
Режиссёрдің айтуынша, Ақтоты Райымқұлова сол кезде «отбасыға» жақын тұлға болған, ал билікке сондай «көнбіс» адамдар қажет еді.
«Қалай министр болғанын білмеймін. Мүмкін, сол күні төсектен оң аяғымен тұрған шығар. Алдымен «Қазақфильм» басшыларын кетуге мәжбүрлеп, орнына өз адамдарын қойды. Кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын Сәрсенова Г-ға тапсырды. Ол да сол «отбасыға» жақындардың бірі. Осылайша, бұл саланы толығымен иеленіп алды», — дейді режиссёр.
Тұрсынов кино саласында жемқорлық, жалған келісімдер және басқа да заң бұзушылықтар болғанын айтады. Бірақ Сәрсенова бұл істерді жауып, тек айыппұлмен құтылған.
«Қысқасы, нағыз цирк. Аудандық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ сияқты. Айтып отырудың өзі шаршатады. Кәдімгі қазақи трагифарс» деп жазады ол.
Бұған қоса, Тұрсынов «Бесмойнақ» фильміне байланысты туындаған жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, фильмнің көрсетіліміне рұқсат берілмеген.
«Мәдениет министрлігі бұл фильмде «президентті мазақтау бар» деп шешім қабылдады. Мен монтажды өзгертуден бас тарттым. Содан кейін фильм мүлде жарық көрмеді. Киноны көрерменге көрсете алмасам, қандай табыс болмақ? Тек режиссёрлік жұмыс үшін аздаған еңбекақы алдым. «Мемлекеттің ақшасын жеді, ал фильмі жоқ» деген айып — жала. Фильм бар. Тек оны көрсетуге тыйым салынған. Министрдің сол кездегі шешімі әлі күшінде. Мен президент Тоқаевқа құрметпен қараймын. Оны мазақтау ойымда болған жоқ», — деп түсіндірді ол.