Ресейлік рэпер NAVAI Қазақстаннан шығарылды: оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Ресейлік рэпер NAVAI лақап атымен танымал шетелдік әнші Наваи Бакировтің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, әнші Қазақстаннан шығарылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Шешім қабылдағанда орындаушының құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және кінәсін мойындап, өкінгені ескерілген.
Ведомство өкілдері бұл шешім қадағалаушы органмен келісілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 13 қазанда полиция мен ҰҚК Шекара қызметінің мамандары NAVAI-ді Қазақстанға автокөлікпен кіріп келе жатқан кезде «Қордай» шекара бекетінде ұстаған. Көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, қылмыстық іс қозғалды.
Кейін сот әншіні қамауда ұстауға санкция бергені мәлім болды.