Ресейдегі жанармай тапшылығы: тасымалдаушылар Қазақстан бағытын қарастырып жатыр

Ресейде дизель отынының тапшылығы мен бағасының қымбаттауы халықаралық жүк тасымалы нарығына әсер ете бастады. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.

ғаламтордан

Астана, NEGE. Басылымның мәліметінше, дизель жеткізу тізбегіндегі іркілістерге байланысты бірқатар тасымалдаушы компаниялар маршруттарын қайта қарап жатыр. Кейбірі жанармай қоры тұрақты саналатын Қазақстан бағытын балама ретінде қарастыруда. Нарықтағы ахуал тасымал мерзімінің ұзаруына, көліктердің тұрып қалуына және жүк тасымалы тарифтерінің біртіндеп өсуіне себеп болған.

Жүк көліктері бензинге мұқтаж

Нарық қатысушыларының айтуынша, ең күрделі жағдай Ресейдің оңтүстік өңірлерінде, Сібірде және бірқатар шекаралас аймақтарда қалыптасқан. Жүк тасымалдаушылар жанармай құюға қойылған шектеулер, дизель жеткізудегі үзілістер және жанармай құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектер туралы хабарлап отыр. Кей жағдайда жүргізушілерге тәулік бойы кезек күтуге тура келеді.

Халықаралық және ТМД елдері бағытындағы тасымалда дизель бағасы литріне 70–72 рубльден 77–90 рубльге дейін өскен. Осыған байланысты көлік компаниялары қосымша шығындарды тарифтерге енгізе бастаған. Нарық өкілдерінің бағалауынша, кей бағыттарда тасымал құны 5–10%-ға қымбаттаған.

Әсіресе, Қытай бағытына әсері айқын байқалады. Соңғы бір аптада Қытайдан жүк тасымалдау құны бір рейске орта есеппен 700 долларға өскен. Забайкальск, Благовещенск және Моңғолия арқылы өтетін бағыттарда тәуліктік жүріс азайып, кезектер көбейген әрі рейстердің тұрақтылығы төмендеген.

Қазақстан бағыты – балама жол

Кейбір ресейлік тасымалдаушылар жүктерді Қазақстан арқылы жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Нарық өкілдерінің сөзінше, Қазақстандағы дизель отынының сапасы әртүрлі болуы мүмкін, алайда жанармай жеткілікті көлемде қолжетімді.

Осыған байланысты Қазақстан бағыты Ресейдегі жанармай тапшылығы мен жанармай құю бекеттеріндегі шектеулер жағдайында жүк тасымалдаушылар үшін тартымды баламаға айналуы ықтимал.

Дегенмен бұл бағыттың да өзіндік қиындықтары бар. Атап айтқанда, кедендік рәсімдер мен шекарадан өту уақыт алады. Соған қарамастан, логистика саласының мамандары жанармай тапшылығы сақталса, жүк ағынының бір бөлігі Қазақстан арқылы өтетін бағыттарға ауысуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Еске салайық, Ресейде жанармай тапшылығы соңғы айларда Украина дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарынан кейін күшейе түсті. Бірқатар мұнай өңдеу кәсіпорнының жұмысы уақытша тоқтап, ішкі нарықтағы жанармай ұсынысы қысқарды. Бұған қоса, жазғы маусымдағы сұраныстың артуы мен кей зауыттардағы жөндеу жұмыстары тапшылықты одан әрі ушықтырды. Соның салдарынан Ресейдің бірнеше өңірінде жанармай сатуға шектеулер енгізіліп, бағалар да өсе бастаған.

Ал бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанға Ресейден бензин жеткізуге қатысты ресми сұраныс түспегенін мәлімдеген еді. Егер де көрші елден сұраныс келсе, Үкімет бұл мәселені қарастыратынын айтқан болатын.

Ал логистика саласының сарапшылары Ресейдегі тапшылық ұзаққа созылған жағдайда жүк ағындарының бір бөлігі Қазақстан бағытына ауысуы мүмкін екенін айтады. Бұл Қазақстандағы жанармайға сұранысты арттырып, шекара маңындағы бекеттерге түсетін жүктемені көбейтуі ықтимал. Сондықтан мамандар ішкі нарықтағы отын теңгерімін сақтау мен транзиттік ағынды бақылау негізгі міндеттердің біріне айналатынын алға тартады.