11 февраля 2026 г. 14:14

«Ресей өз азаматтарын бермейді»: Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тың ақпарат айтылды

Фото: instagram/justice_for_aigul

Бұған дейін Германияда кісі қолынан қаза болған Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Президенттен көмек сұрап, күдіктілерді Ресейден экстрадициялау әрекетін жеделдетуді өтінген.

Астана, NEGE. Оның қызын азаптап өлтірді деп күдікке ілінген Наталья және Александр Донцовтар қазір Мәскеуде тұрып жатыр. Ал оларға қатысты істерді қазақ және неміс тергеушілері қозғаған.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ресей Федерациясына аталған екі тұлғаның азаматтығын анықтау үшін халықаралық тергеу тапсырмасы жолданғанын хабарлады.

«Ресей Федерациясы да біз сияқты өз азаматтарын бермейтінін білесіздер. Олардың азаматтығын анықтағаннан кейін тиісті жазасын алуы үшін қылмыстық іс Ресей тарапына жолданады», – деді журналистерге Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс брифингінде.

Бұған қоса Қойгелдиев Донцовтардың Интерпол желісі бойынша іздеуде екенін атап өтті. Сондықтан олар тергеуден жасырына алмайды.

​Еске салсақ, 2024 жылғы маусымда Германияның Бенсхайм қаласында отбасымен тұрып жатқан Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені хабарланған еді. Ол 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін байланысқа шықпаған.

16 маусымда әйелдің мәйіті қала шетіндегі Эрлаче карьерінен қапқа салынған күйде табылды. Тергеу барысында марқұмның өлер алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі күдікке ілініп, оларға халықаралық іздеу жарияланды.

Ал ақпанның басында Ресейдің Тергеу комитеті Германиядағы қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеуді бастағаны хабарланды.

Сондай-ақ таяуда Александр Донцовтың Мәскеудегі «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінде дәріс оқып жүргені мәлім болды.