2 Ақпан 09:41
...

Германиядағы экс-судьяның қазасы: Тергеуге Ресей тарабы қосылды

instagram/aigul.kaida
Фото: instagram/aigul.kaida

Ресейдің Тергеу комитеті Германиядағы қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеуді бастады.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ресей Тергеу комитеті хабарлады.

«Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Бастрыкин Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Мәскеу қаласы бойынша бас тергеу басқармасы басшысы Беляевке процессуалдық тексеріс барысы туралы баяндауды тапсырды.

Тапсырманың орындалуы ведомствоның орталық аппараты бақылауында», – делінген комитеттің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған хабарламада.

​Еске салсақ, 2024 жылғы маусымда Германияның Бенсхайм қаласында отбасымен тұрып жатқан Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені хабарланған еді. Ол 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін байланысқа шықпаған.

16 маусымда әйелдің мәйіті қала шетіндегі Эрлаче карьерінен қапқа салынған күйде табылды. Тергеу барысында марқұмның өлер алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі күдікке ілініп, оларға халықаралық іздеу жарияланды.

Германияда Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс тіркелген, ал Қазақстанда оны азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс бар. Осы істің аясында оның енесі Наталья Донцова мен күйеуі Александр Донцовқа іздеу жарияланған.

Таяуда Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, күдіктілерді Ресейден экстрадициялауды жеделдетуді өтінді.

Шолпан Батқалованың айтуынша, қызының өліміне қатысы бар адамдар Ресей аумағында жасырынып жүргендіктен, тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр.

«Айгүлдің денесі тек 13 күннен кейін көлден табылды. Денесінде 30-дан астам пышақ жарақаты болды. Неміс полициясы оның денесі табылардан екі сағат бұрын ғана көлге әкелінгенін анықтады. Сонымен қатар Айгүлдің енесі Наталья Донцоваға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылды. Мұндай тұжырымға Александр Донцовтың ұялы телефонының сигналы Айгүлдің денесі табылған көлдің маңында екі сағат бұрын ғана тіркелгені негіз болды», – деді ашынған ана.

Анасының пайымдауынша, оның денесін көлге әкеліп тастауға Донцоваға туысы В. көмектескен болуы мүмкін.