1 апреля 2021 г. 19:03

«Ресей Украинаға басып кіргенде, діні, тілі, түрі бөлек қазақтарды аяй ма?!»

Фото:
Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі Владимир

Мединский Қазақстанды тағы да арандатқысы келетіндей. Мемлекеттік Дума депутаттарына: «Украина, Қазақстан, тіпті Беларус құрамында орыстың жерлері қалай қалып қойған?!», – деп сауал тастап, бұл жөнінде ойлануға тапсырма беріп отыр.

Мұның алдында ресейлік депутаттар Никонов мен Федоровтардың осы тақылеттес мәлімдемелері жадымыздан шыға қойған жоқ. Бұл не? Ресей азаматтарының жеке пікірі ме, әлде солтүстік көршіміздің ұстанып отырған берік ұстанымы – сыртқы саясаты ма? Бұл жөнінде қоғам қайраткері Дос Көшімнің пікірін білгенді жөн көрдік.

– Ресей билігіндегі тұлғалардың мұндай мәлімелерін неге жоруға болады? Бізге қарсы ақпараттық соғысты бастап кетті ме?

– Путиннің: «Біздің көп жерімізді басқа республикалар сыйлық ретінде алып кетті», – деп жазда айтқан сөзінің жаңғырығы. Президенті айтқан соң, Ресей Федерациясының сыртқы саясатының нақты бағыты осы деп білемін.

Бұрын мұндай сөздерді Лимонов, Жириновский сияқтылар айтып келсе, енді осы пікірді ұстанған адамдардың мамандығы да өзгеріп отыр.

Бұл тақырыпта мониторг жасап, мақала да жаздым. Енді тарихшылар айта бастады. Демек, олар Путиннің сөзін растап, тарихи тұрғыдан бекітіп бермек.

В.Жириновский

Ғалымдар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар араласа бастады. Сондықтан, бұл нақты жоспарланған дайындық секілді. Алдын ала дайындап, «Қазақстанның жерінің бір бөлігі Ресейге тиесілі» деген пікірді орыс халқының миына құйып жатыр. Бұл – мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыс. Басқа ештеңе емес.

Таяуда ғана Батыс сарапшылары Ресейдің Қазақстанға басып кіруі мүмкін екенін ескертті. Өзіңіз айтқандай, солтүстік көршіміздің ұстанған сыртқы саясаты осы болса, Ресей әскерінің Қазақстанға баса-көктеп кіруі қаншалықты мүмкін?

– Әбден мүмкін. Бұл мәселені мен 2014 жылы көтерген болатынмын. Ресей діні, тілі, рухы бір, тарихи тамыры ұштасып жатқан көршісі Украинаға басып кіргенде, діні, тілі, түрі бөлек қазақтарды аяйды дейсің бе?

Путиннің билігін сақтап қалуда ұстанған саясаты – «орыс жерін жинау». Мұны саяси құрал ретінде пайдаланып отыр. Нақты көрінісі – Қырым мен Донбас.

Никонов пен Федоровтың мәлімдемесінен кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі наразылық нотасын жолдап, реакция білдірді. Бірақ ресейлік саясаткерлер мүлде айылын жимай отыр. Біз не істеуіміз керек? Қатаң шараларға бару, қатаң мәлімдемелер жасау керек шығар, бәлкім? «Бұлай жалғаса берсе, Еуразиялық экономикалық одақтан шығамыз» деп азу көрсету қажет деп есептейсіз бе?

Қатаң сөз айтуды, үндеу жасауды жек көремін. Қатаң іс-әрекетке көшу керек. Қажет болса, Еуразиялық одақтан шығу керек. Нақты іспен көрсетпесе, қалғаны – бос сөз. Біз агрессияға, соғысқа дайын болуға тиіспіз. Ресеймен шекаралас жерлерде әскери-қорғаныс реформалары жүруі тиіс. Өкінішке қарай, мен оларды көріп отырғаным жоқ.

Қырымды басып алған кезде, жергілікті халықтың 75 пайызы Ресейге қолдау көрсетіп кетті. Бізде шекаралық аймақтарда ҰҚК-ның, әскердің басшылары және басқа да жергілікті құрылымдардың басында тұрғандар қалай ерекет етеді?

Мемлекет дайындық жұмыстарын айқай-шусыз іске асыруы қажет. Шовинистік бағыттағы ұйымдардың жұмысына бақылау қойып, сепаратистік пиғылына тоқтам жасау секілді дайындық жұмыстарды көріп отырған жоқпын.

Қазақстан – Ресей шекарасы. Фото: ru.wikipedia.org

Бірақ байбалам салу – басы артық нәрсе. Ол да – қорқақтықтың белгісі. Еуразиялық, кедендік одақтан шығу мәселесі жайлы айта-айта шаршадық. Мемлекет басшылары сақтық шараларын жасауға бара алмай отырса, бәрін Ресейден емес, өзімізден көрейік. 

– Сырттан төнетін қауіп-қатерлерге біз дайынбыз ба?

– Ол жағын мемлекет біледі. Қоғамдық деңгейде айтатын болсам, қазір Қазақстанда жиырма мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Солардың кем дегенде 80 пайызы – орыстілді.  Демек, ұлттық бағыттағы бірдеңе айтсақ, азаматтық қоғам бізді қолдамайды. Қолдамақ түгілі, үдере түрегеліп қарсы шығады. Қазақстан азаматтарының бір бөлігі Ресейге бүйрегі бұрып тұрады.

Бұл бағытта бізде ештеңе жасалып жатқан жоқ. Мен осыны Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевқа да жаздым, барлық жерде айтып жүрмін.

Бөлінген гранттар болсын, жасалып жатқан бүкіл жұмыстар болсын, тек қана орыс тілінде өтетініне таңғаламын. Біз өзіміздің ұлттық негізімізді нығайтпай отырмыз. Біз екіге жарылған, орыс тілді және қазақ тілді қоғам болсақ, қауіп екі есе төнеді.

Орыс тілі арқылы Кремльдің идеологиясына бүйрегі бұратындар көп. Бұған Украинадағы жағдай жақсы мысал бола алады. Бірақ қауіптің алдын алатындай билік тарапынан нақты жасалған қадамдар байқалмайды.

Бір сөзбен айтқанда, дайындығымыз жоқ қой? 

– Ақпараттық, әскери дайындық деген де болады. Қауіп төнсе, халық жұдырық болып жұмылады. Билік тек «алдын ала байбалам салмаңдар, ешқандай қауіп жоқ, арандатуға бармаңдар» деп отыр. Неге екенін қайдам, билік бұл мәселенің бетін ашқысы келмейді.

Рас, мемлекетті басқарып отырғандар ақымақ адамдар емес. Бір білгені бар шығар. Бірақ азаматтық қоғам деңгейінде дайындық жоқ. Баяғы жартас – бір жартас. Ұлт болып ұйыспай, әлі де болса, орыс, қазақ болып бөлініп отырған елге әрқашан қауіп бар.

Тегтер: