QR төлемдерін ҚҚС-дан босату кәсіпкерлер комиссиясына бірден әсер етпеуі мүмкін
QR төлемдерін қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған жағдайда кәсіпкерлер төлейтін банк комиссияларының автоматты түрде төмендеуіне кепілдік жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов айтты.
Астана, NEGE. Жәленовтің сөзінше, қазіргі Салық кодексінде картамен жасалатын бірқатар қолма-қол ақшасыз төлемдер ҚҚС-дан босатылған. Ал ұлттық төлем жүйесі аясында дамып жатқан бірыңғай QR төлемдерін де осылай салықтан босату ұсынылған.
«Бұл ұсыныстың негізгі мақсаты – қолма-қол ақшасыз төлемдердің салық салу шарттарын теңестіру. Мәселе концептуалды түрде қолдау тапты. Қазір оның жекелеген тетіктерін Үкіметпен бірге пысықтап жатырмыз. Одан кейін заң шығарушылардың қарауына шығарылады, ал түпкілікті шешімді, әрине, Құрылтай қабылдайды», – деді Бинұр Жәленов.
Ұлттық банк өкілі ҚҚС-тан босату енгізілген жағдайда оның кәсіпкерлер үшін комиссия көлеміне нақты қалай әсер ететінін қазірден айту қиын екенін атап өтті.
Оның түсіндіруінше, комиссия мөлшерін әр банк өзі белгілейді және оның құрамына бірнеше шығын кіреді. Олардың қатарында төлем жүйесінің комиссиясы, interchange және банктің өз шығындары бар.
Сондықтан салықтық жеңілдіктің ықпалы банктердің нарықтағы стратегиясына қарай әртүрлі болуы мүмкін.
Сонымен қатар Бинұр Жәленов кәсіпкерлердің тарифтік жүктемесін төмендету бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, 2022–2023 жылдары кәсіпкерлер үшін банк комиссиялары орта есеппен 2–2,5% болса, қазір банктерге қарай бұл көрсеткіш 1–1,5% аралығында.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы реттеушілері QR-төлемдерді, телефон нөмірі бойынша аударымдарды, электрондық ақша мен цифрлық теңгені де ҚҚС-дан босатуды ұсынған болатын.