Путиннің тағы шайқала бастады
Ресейдің Қиыр Шығысы толқудан көз ашпай тұр. Хабаровск қаласында өлкенің бұрынғы басшысы Сергей Фургалдың жақтастары 2 аптадан бері митинг өткізіп жатыр. Соңғы шеруде наразылар Ресей президенті Владимир Путиннің отставкаға кетуін талап етті. Олар орталық алаңға жиналып: «Путин отставкаға кетсін!» және «20 жылдан бері сенім жоқ» деп ұрандатты.
Хабаровск тұрғындарын Ресейдің өзге өңірлері де қолдай бастады. Орыс оппозициясы жер-жерде билікке наразылық білдіріп жатыр. Десе де, полиция митингінің өтуіне кедергі жасамаған. Қамалған Фургалдың орнына Кремль Михаил Дегтяровті тағайындап та үлгерді. Бұл да наразылықтың үдеуіне түрткі болды.
Сыртқы саясаттағы авантюралары үшін халықаралық санкциялардың астында қалған Ресей экономикасына пандемия жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Ел ішіндегі қайшылықтар жанартаудай атқылай бастады. Коронавирус пен Фургал ісі одақтас болып, Путин тағын шайқай бастаған тәрізді. Пандемия әлеуметтік ахуалды ушықтырса, Фургал ісі саяси талаптар қойып отыр. Бұл – үрдіс пе, әлде тек төтен оқиға ғана ма? Осы сұрақтарды сарапшыларымызға қойып, төмендегідей жауап алдық:
Тоғжан Қожалиева, тіркелмеген «ХАҚ» партиясының төрайымы: Хабаровск халқы үшін Путин сыртқы агрессор болып тұр
Фургал үшін бүкіл Хабаровск халқы көтерілді. Олар «Бұл – менің губернаторым. Мен оны сайладым» деп ұран тастап отыр. Егер әкімдерді халық сайлайтын болса, халықтың сенімі зор болады. Өздері сайлаған соң, сырттан киліккендерге әкімдерін қорғауға әзір болады. Сыртқы күш Мәскеу болып тұр. Оның басшысы – Владимир Путин. Бұл жерде географиялық та мәселе бар. Өйткені, Хабаровск Мәскеуден тым алыс. Сондықтан Кремльден гөрі өз губернаторлары жақын. Хабаровск халқы үшін Путин сыртқы агрессор.
Путиннің рейтингі әр аймақта әртүрлі. Мәскеуде білімді, сауатты адамдар оны жақтырмайды. Ал қара жұмысшылар қолдап отыр. Аймақтар неғұрлым депрессивті, дотацияда отырған болса, сол аймақта соғұрлым Путиннің беделі күшті. Мәселен, Удмуртия, Томск, Владимир секілді өңірлерде. Хабаровск – ауқатты өңірлердің бірі. Мәселен, Татарстанда, Башқұртстанда рейтингі төмен. Себебі, оның саясаты білімі аз адамдарға бағытталған. Меніңше, Путин билікте әлі ұзақ отырады. Жағдайы жоқ адамдар көп. Путин оларды жәрдемақы төлемдерімен сатып алып жүр. Ресейде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар өте күшті.
Ерлан Сайыров, Nur Оtan жақтастары лигасының мүшесі: Бұл – жаһандық үрдістің бір бөлігі
Дүниежүзінде әлеуметтік толқулар болып жатыр. Американы өзіңіз көріп отырсыздар. Еуропада дәл сондай жағдай. Гонконгта да наразылық шерулері толастамай тұр. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, жаһандық әлеуметтік теңсіздік шектен шығып барады. Пандемияға байланысты бүкіл елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Соған байланысты, көп елдерде билікке қарсы наразылық акциялары болып жатыр. Ресейдің экономикалық жағдайы мәз емес. Бұл – жаһандық үрдістің бір бөлігі.
Екіншіден, қандай ел болсын, билік жаңарып отыруы керек. Ресей қоғамының кейбір бөлігі биліктің өзгергенін қалайды. Бұл тек Ресейге ғана емес, дүниежүзіне қатысты үдеріс. Қазір әлемде экономикалық дезинтеграция болып жатыр. Мемлекеттердің бәрі барыс-келісті тоқтатып, шекараларын жауып тастады. Пандемияға байланысты өз түсінігінше мемлекет мүддесін іске асырғысы келеді. Бұған қоғам ішінде қарсылықтар тууы да мүмкін. Мұның арты не болатыны әлі белгісіз. Болашақ көрсете жатар.
Мақсат Жақау, аймақтанушы: Путиндік саяси элита – кеше күннің элитасы
Осы уақытқа дейін билігін жүргізіп келе жатқан саяси элита аймақтық элиталарға ықпалы әлсірегенін көрсетіп отыр. Ресейде жаңа элитаның толқыны қалыптасып келеді. Путиндік саяси элита – кеше күннің элитасы. Қазір аймақтық элита – кезіндегі бизнесмендер, түрлі салада қызмет еткендер аймақтық жаңа элитаның толқынын қалыптастырып отыр. Бұл – дұрыс үрдіс. Аймақтар күшеймей, мемлекет ешқашан күшеймейді.
Ресейдегі дүмпу халықтың аймақтық элитаны қолдап отырғанын көрсетті. Көшеде айлап тұруы – осының дәлелі. Фургал – тек қана себепші. Оның жүйе құрбаны екенін көріп отыр. Сондықтан жүйеге қарсылық білдіріп жатыр. Демократиялық сайлау өтетін болса, халық Фургал секілді аймақтық элита өкілдерін қолдап шығады. Ресейде саяси элиталардың ауысу кезеңі болып жатыр. Бұл қоғамға, аймаққа үлкен пайдасын тигізеді.
Бейбіт шеру өтіп, халық пікірін ашық айтып жатыр. Шерушілердің 70-80 пайызы – жастар. Яғни, 2 000-шы жылдың арғы-бергі жағында туылғандар. Бұлар – жаңа көзқарасты, өзгерістерді қалайтын топ.
Пандемия биліктің осы уақытқа дейін атқарған шаруасының нәтижесіздігін көрсетіп берді. Оның ішінде медицина, ғылым және жергілікті басқару да бар. Шығыс Азия елдері коронавируспен сәтті күресіп жатыр. Бұл мемлекеттерде індет жұқтырғандардың саны өте аз. Себебі – жергілікті басқару жүйесі, ғылымы мен медицинасы мықты. Ал ауызымен орақ орып келе жатқан елдер опық жеп отыр. Путиннің саяси өмірінің ұзақтығы осы мәселеге тікелей байланысты болмақ.