Путин Еуропаға және тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда өткен брифингте Ресей басшысы Владимир Путин туралы пікір білдірді. 

Ақорда

Астана, NEGE. Журналистер сұрағына берген жауабында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді «мемлекет қайраткері» деп атап, оны «Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға» деп санайтынын жеткізді.

«Бұл сізге тосын болса да, турасы сол. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді», – деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға келгенде әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын еске салып, қазақ елі барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келе жатқанын баса айтты.

«Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім –Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді», – деді Қазақстан Президенті.

Еске салсақ, биыл шілде айында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен Омбыда кездесу барысында Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы тараптарға «2.0 Ыстамбұл» негізіндегі келіссөздерге қайта оралуды ұсынған еді.