«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ақын Танакөз Толқынқызының ұлтқа қатысты айтқан кейбір пікірлерімен келіспейтінін білдіріп, тәуелсіздік пен ұлттық мәселеге байланысты сөз айту үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтты.
Астана, NEGE. Депутат Танакөз Толқынқызының жазбасындағы кейбір ойларды қолдайтынын, бірақ «қазақ өз тәуелсіздігін сақтап қала алмайды», «псевдо ұлт», «ұры ұлт» деген тұжырымдармен келіспейтінін ашық айтты.
«Ұлтқа келгенде, оның “тәуелсіздігін сақтап қала алмайды” деп айту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлтқа қатысты сөз айта алатын санаулы ғана категорияға жататын адамдар бар: Президент, Үкімет, Парламент және Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты халыққа еңбегі сіңген тұлғалардың ғана хақысы бар», – деді Бапи.
Ақынның «ұры ұлт» деген сынына қатысты депутат ұрылар кез келген қоғамда бар екенін алға тартады.
«Танакөз ұрлықты коррупциямен шатастырып отырған шығар. Коррупцияға ұлттың әрбір мүшесінің қолы жете бермейді. Оны билікте немесе құзыретті органда отырған, Үкіметтің қаржысын бөлуге қолы жететін адамдар істейді. Ал ондай адам көп емес қой. Ол қазақтың бәріне бірдей тән емес», – деп есептейді депутат.
Әлеуметтік желілерде ақын Танагөз Толқынқызының қазіргі қазақ қоғамы туралы жазбасы қызу талқыланып жатыр. Ақынның сөзінше, қазіргі ұрпақ «жеу үшін жаратылғандай», әркім қай жерден нені жымқырып қалуды ойлап жүреді.