«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды»: Ақынның жазбасы желіде қызу талқыланып жатыр
Әлеуметтік желілерде ақын Танагөз Толқынқызының қазіргі қазақ қоғамы туралы жазбасы қызу талқыланып жатыр.
Алматы, NEGE. Ақын Facebook прақшасындағы жазбасында «қазақ тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген. Оның ойынша, халықтың сапасы төмендеп, принципсіз, надан ұлт қалыптасқан.
«Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт. Өз тілінде сөйлемейді. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес. Ешкім ешкімге араша түспейді», – деп жазады ақын.
Ақынның пайымдауынша, кейбір қазақтар бір-біріне қайырымсыз, тасбауыр болып, бір-бірін жек көруді әдетке айналдырған. Олар өзін-өзі тонап, өз тамырынан ажырап кеткен тобырға ұқсайды. Ұрлық, өз пайдасын бірінші қою – бүгінгі қоғамның басты сипаттарының бірі болып тұр.
Ақынның сөзінше, қазіргі ұрпақ «жеу үшін жаратылғандай», әркім қай жерден нені жымқырып қалуды ойлап жүреді.
«Жеу үшін жаратылғанбыз. Қай жерден нені жымқырып жеп қалсақ екен деп ойлап тұрамыз.
Құндылық жоқ.
Ар құдай болған заман келмеске кетті.
Қарны тойса болды, бәрін сатады.
Адам емес құлқын ғана көремін.
(...)
Сендер енді өзгермейсіңдер! Осы кеткендерің кеткен!», – деп жазды Танакөз Толқынқызы.
Аталмыш жазбадан кейін қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі ақынның сөзімен келіссе, бірі «халыққа тіл тигізуге болмайтынын» айтуда.
Журналист Серік Жаңқабай Танакөз Толқынқызын осы жазбасы үшін жазаға тарту керек деп санайды.
«Бас прокуратурадан Танакөз Толқынқызын (ақын қазір Францияда – ред.) тез елге әкеліп заң бойынша шара қолдануын талап етемін!», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Журналист Ерқанат Көпжасарұлы да ақынның жазбасымен келіспейтінін жеткізді.
«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, сапасыз ұлтқа айналды деген сөздер – елімізді жамандап отырғандарға дайын аргумент берумен тең. Қазір кейбір адамдар үшін елге, тілге, дінге тіл тигізу ермекке айналып бара жатқандай. Бұл өте қауіпті үрдіс», – дейді Ерқанат Көпжасарұлы.

Әлеуметтік желіде әнші Нұрлан Албан ақын Танакөз Толқынқызының жазбасына қатысты өз пікірін білдірді. Ол саясаткер де, билік өкілі де емес, қарапайым өмір сүріп жүрген адам екенін айта отырып, қоғамдағы жағдайға байланысты қатты ұялып отырғанын жеткізді.
Оның сөзінше, бұл ұялу сезімі ең алдымен қазақ қоғамына және осы мәселелерді ашық көтерген Танакөз ақынға қатысты туындаған. Автордың пікірінше, қазақтың талай ер азаматы айта алмаған ащы шындықты ақын ашық айтып отыр.
Ол шындықтың әрқашан ауыр қабылданатынын, бірақ әлеуметтік желідегі талқылаулар бұл пікірдің қоғамда үлкен резонанс тудырғанын көрсеткенін атап өтті. Соған қарамастан, ол Танакөздің айтқан сөздерін батыл, тура әрі дәл айтылған пікір деп бағалайды.
Ақын Танакөз Толқынқызының қоғамда қызу талқы тудырған өткір жазбасы тағы бір белсендінің назарын аударды. Оның сөздері кейбір азаматтардың намысына тиіп, әлеуметтік желілерде түрлі пікірталасқа себеп болды.

Instagram парақшасында өзін заңгер ретінде таныстырған Нұрсұлтан Орынбеков есімді азамат ақынның жазбасына байланысты заң аясында сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе енді құқықтық тұрғыда қаралуы мүмкін.
Спорт журналисі Олжас Байбосын да бұл мәселеге байланысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ақынның бүгінгі қазақ ұлтына қатысты айтқан сөздері өте ауыр естілгенімен, қоғамдағы кейбір шындықтарды көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады.
Журналисттің пікірінше, Танакөз Толқынқызы соңғы күндері жариялаған жазбаларында қоғамдағы принципсіздік, надандық, екіжүзділік, жағымпаздық және құндылықтардың әлсіреуі сияқты мәселелерді ашық көтерген. Ол бұл сөздердің көпшілікке ауыр тиюі мүмкін екенін, бірақ сол арқылы қоғамды ойландыруға себеп болғанын атап өтті.