Прокуратура Байбектің компаниясының мүддесін қорғады

Ақмола облысының прокуратурасы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің отбасына тиесілі Qazaq Kaolin компаниясын тексеруді заңсыз деп таныды. Бауыржан Байбектің өзі бұл компанияда директорлар кеңесінің төрағасы болып саналады.

NEGE

Астана, NEGE. Компания Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салу жобасын іске асырады. Инвестициялық жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңге болады.

«Жүргізілген талдау барысында уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуы мәселесі бойынша прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркеместен тексеру жүргізгені анықталды», – делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісімен бұл тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. Қадағалаушы органның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.