Президент БАҚ пен желіде сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеуді сынға алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «медиакеңістіктегі ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмір өскелең ұрпақтың дүниетанымы құндылықтарына, сондай-ақ өмірлік бағдарына теріс әсер етеді».

magnific.com

Астана, NEGE. Президент өскелең ұрпақ БАҚ пен әлеуметтік желілерден «жасампаз еңбектің, адал табыстың үлгісін көруі керек» деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, заманауи медиа екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: шындықты боямасыз көрсетуі және ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық бағыттағы шамшырақ болуы керек. 

«"Қалам елді түзейді" деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын», – деді Президент.

Бұл ретте Тоқаев медиа саласының қызметкерлерін адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырды. Президент БАҚ өкілдеріне озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыруға ықпал ету міндетін жүктеді.