Президент Алатауды дамыту жұмыстарын созбаққа салмай, жедел бастауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуға бағытталған стратегиялық құжаттарды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Ақорда

Астана, NEGE. Президент Алатау қаласын дамытудың орнықты моделін құру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол «қазіргі қаржылық-экономикалық модель келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі бар» екенін де жоққа шығармады.

«Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана.

Бұдан бөлек, бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкеледі. Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеп, қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекітуі қажет екенін атап өтті.

«Келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керек», – деді ол.

Президенттің сөзінше, инвесторлар, серіктестер мен азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсіне алуы қажет.

«Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы.

...Мұндай ірі және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер», – деп түйіндедң сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін, 2 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында Алатау қаласының даму жоспарымен танысып, нақты міндеттер жүктеді.