1 июля 2021 г. 9:10

«Потому что, потому что!» НЕГЕ «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы бәрімізге «сюрприз» жасады?

Фото:

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы коронакризисті 2020 жылы басшылық санын 7-ден 11 адамға дейін өсіріп, керісінше, қарапайым жұмысшылар санын шамамен 150 адамға азайтқан.

Қарапайым қызметкерлерді қысқарту есебінен 11 адамнан тұратын топ-менеджмент табысын екі есеге көбейтіп алған. 2019 жылы «Жолаушылар тасымалы» компаниясының басшылық құрамы 7 адамнан тұрған болса, пандемия жүрген 2020 жылы басшылар қатарына тағы 4 адам қосылып, жалпы саны 11-ге жеткен. Оларға жұмсалған шығын сомасы 617 миллион теңгеден 1 миллиард теңгеге, демек екі есеге өскен. Дәл осы кезде пойыздарда қызмет ететін 8 мыңнан астам қарапайым азаматқа төленетін қаржының жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге қысқарғанын айта кету керек.

Сонда орта есеппен алғанда, «Жолаушылар тасымалының» қарапайым жұмысшысына ай сайын 200 мың теңге, ал 11 адамнан тұратын әр басшысына 7,8 миллион теңгеден келген. Қарапайым жұмысшы мен басшы арасындағы табыс айырмашылығы 39 есеге жеткен.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2020 жылға арналған қаржылық есебі. Аудитор Deloitte

2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есепке сай «Жолаушылар тасымалы» компаниясы 311 миллион теңге шығынға ұшырады. Оның үстіне ағымдағы міндеттемелері активтерден 11 миллиард теңгеге асып кеткен. Компанияның операциялық шығыны 22,8 миллиард теңге болды. Олардың операциялық шығындарды мемлекеттік субсидия есебінен жауып отырғанын байқауға болады. 2020 жылы мемлекеттік бюджеттен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына субсидия ретінде 25,5 миллиард теңге беріліпті.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2020 жылға арналған қаржылық есебі. Аудитор Deloitte

Компанияның операциялық шешімдеріне қатысты сұрақтарымыз өте көп. 2019 жылы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы консалтингтік, аудиторлық және заң қызметтеріне 121 миллион теңге қаржы жұмсаса, 2020 жылы ол шығын 1,9 миллиард теңгеге, яғни 16 есеге өсіп кеткен. НЕГЕ?

Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау тарифтерін компания былтыр 7 пайызға, биыл тағы да 7 пайызға көтерген. Соның өзінде мемлекеттік бюджеттен биыл 21,6 миллиард теңге субсидия алуға дәмелі болып отыр. Осының бәрін есептей келе, компания үстіміздегі жылды да шығынмен аяқтамақ. Кіріс тек 2022 жылы ғана келеді жоспарланған. НЕГЕ?

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2020 жылға арналған қаржылық есебі. Аудитор Deloitte

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде Қазақстан халқы жақсы танитын «саясаткер» Серік Әбденовтің отырғанын ескерсек, біздің НЕГЕ деген сұрақтарымызға қазірдің өзінде нақты жауап дайын.

«Потому что, потому что...»

Тегтер: