Полиция полковнигіне қоластындағы қызметкерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін 6 млн теңгедей айыппұл салынды

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейрхан қоластындағы қызметкерді жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегені үшін кінәлі деп танылды.

facebook.com/daniyar.meirkhan

Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Михаил Козачков хабарлады.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың сәуірі мен қарашасы аралығында полиция полковнигі қоластындағы қызметкердің өзіне қызметтік тұрғыдан тәуелді екенін пайдаланып, оған психологиялық қысым көрсеткен. Әйел жұмысынан айырылып қалудан қорыққан.

Бұрынғы басшының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, нотариалды түрде куәландырылған хат алмасу және маманның қорытындысы арқылы дәлелденген.

Сот Данияр Мейрханға 6 миллион теңгеге жуық айыппұл тағайындады. Алайда ол өз кінәсін мойындамаған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін желіде Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің төрағасы Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Ішкі істер министрлігі Данияр Мейріханның тексеріс жүргізу кезеңінде қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілгенін растады. Ол бұл қызметке 2025 жылғы қыркүйекте тағайындалған.

Артынша адвокат Әлия Жаманбаева Данияр Мейірханға тағылған айыптардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, мәлімдеме жасады.