USD
USD
USD

Полиция полковнигі Данияр Мейірханның адвокаты мәлімдеме жасады

Таяуда Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасы қызметінен шеттетілген Данияр Мейірханның адвокаты Әлия Жаманбаева қылмыстық іске қатысты кейбір жайттардан хабардар етті.

Данияр Мейірхан
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Адвокаттың нақтылауынша, полиция полковнигі Данияр Мейірханға қарсы жиырма қызметкер емес, тек екі адам арыз жазған.

«Бірінші мәселе – жыныстық қысым туралы. Арыз жазған әйел Комитетте жұмыс істеуге ұзақ уақыт бойы өзі ұмтылған. Ол Мейірханға жұмыс уақытынан тыс жиі хабарлама жазып отырған. Алайда сақталған хаттарға қарағанда, ол әрдайым сыпайы түрде қысқа ғана бас тартумен жауап берген», – деп жазады Жаманбаева желідегі парақшасында.

Оның мәлімдеуінше, шетелдік делегацияның маңызды жиынын ұйымдастыру сәтсіз өтіп, халықаралық бөлім сынға ұшырағаннан кейін екеуінің арасындағы қызметтік қатынастар шиеленісе түскен. Одан кейін Мейірханның хатшысы болып бірнеше жас қыз жұмыс істеген, бірақ олардан қысым көрсетілгені жөнінде шағым түспеген, дейді адвокат.

Данияр Мейірханның адвокаты келтірген дерек бойынша, екінші арызданушы 2024 жылдың күзінде полковниктің Шымкенттегі бұрынғы танысының өтінішімен жұмысқа алынған. Алайда ол ірі синтетикалық зертханаларға қатысты тапсырмаларды орындай алмаған.

«Тоғыз ай бұрын бұл адам өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмайтынын түсініп, жұмыстан өз еркімен кеткен. Сол кезде жазған өтінішінде басшылыққа ешқандай шағымы жоқ екенін көрсеткен.

 

Тоғыз айдан кейін не өзгергені белгісіз», – дейді Жаманбаева.

Қорғаушысы Данияр Мейірханға тағылған айыптардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартады.

Еске салсақ, бұған дейін желіде Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің төрағасы Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Ішкі істер министрлігі Данияр Мейріханның тексеріс жүргізу кезеңінде қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілгенін растады. Ол бұл қызметке 2025 жылғы қыркүйекте тағайындалған.

Қазір оқып жатыр

Tencent Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадземен бірге Kaspi.kz-ке инвестиция салды

Kaspi.kz

МӘМС қаржысын жымқыру: Павлодарда гинеколог ер адамдарды «емдеген»

МӘМС

12 есе жоғары пайызбен қарыз берген: Ақтөбеде ломбард иесінің ісі сотқа жолданды

Ломбард

ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама таратқандар жауапқа тартылатынын ескертті

Маңғыстау