«Пышақты жуып жатқанын көрдім» – Шерзаттың өліміне қатысты куәгер қыздардың бірі сотта тың дерек айтты
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер деп танылған Дана Жақсыгелдіден жауап алынды. Дана Жақсыгелді сотта Талғар қаласында туғанын, орта білімді, ажырасқан, қазір жұмыс істемейтінін айтты.
- Тақырыпқа орай: «Бізге мылтықпен оқ атқан Нұрқанат Ғайыпбаев болатын» – Екінші куәгер қыз оқиғаның қалай болғанын баяндады
Сол күнгі оқиғаның бүге-шүгесіне дейін айтқан куәгер оқиға орынан кетіп қалғаннан кейін қандай жағдай болғанын еске түсірді. Сонымен қатар ол оқиға орнынан қайтқанда өздері отырған көлікте мылиықты көргенін айтты.
«Көлікке қайта отырғанымызда, Абзалдың мылтықты көліктің капотына қойғанын көрдім. Біз отырған көліктің алдыңғы орындығында бағанағы мылтық болды», – деді куәгер.
Олар оқиғадан кейін «777» дүкеніне бас сұққан, сол жерде құрбысы Эльмира Нұрбекова «Dizzy» сусынын алып шыққан. Дүкен алдында күдіктілер пышақты жуып, тазалаған.
«Эльмира дүкеннен сусын алып шығып, оны көліктің алдыңа қойды. Сол кезде Абзал менен сусынды алып беруін сұрады. Мен апарып бергенде қолына құюын өтінді. Мен құйып жатқанда оның қолынан пышақтың жүзін байқадым», – деді Дана Жақсыгелді сотта берген жауабында.