28 Сәуір 16:53
...

«Бізге мылтықпен оқ атқан Нұрқанат Ғайыпбаев болатын» – Екінші куәгер қыз оқиғаның қалай болғанын баяндады

Дана Жақсыгелді
Фото: Жоғарғы сот

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында куәгер қыздардың бірі Эльмира Нұрбековадан жауап алынып, сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы түсірілген видео қаралды. Одан кейін іс бойынша куәгер деп танылған Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.

Судья куәгерден сотталушылардың арасында кімдерді танитынын сұрады.

«Нұрқиясты, Абзалды, Равильді танимын, ал Азамат пен Нұрболды алыстан танимын. Ал қалғандарымен бір күн бұрын танысқанмын», – деп жауап берді Дана Жақсыгелді.

«Бізді Равиль«Эйфория кафесіне шақырды. Құрбым Эльмира екеуміз жолығып, сол жаққа бардық. Кафенің алдында Абзал, Нұрқияс, Равиль үшеуі тұрды. Содан біз амандасып, кафенің ішіне кірдік. Үстелге отырдық, одан кейін би алаңына шықтық. Ұлдар сол жерде қалды. Арасында Нұрбол деген бала келіп, артынша кетіп қалды. Сосын біз түнгі 12-ге таман кафе жабылады деп шығып кеттік. Қайтамыз дегенде Нұрқия: «Қыздар, сендерді апарып тастаймыз», – деп айтқан болатын. Нұрқияс, Равиль, мен, Эльмира мерседес автокөлігіне отырдық. Көлікті Шыңғыс жүргізді, алдында Азамат отырды. Үйге қайтамыз деп отырғанбыз, жолда дүкенге кіретінімізді айтты. Біздің де темекіміз бітіп қалған болатын, сол «Қамажай» дүкеніне бардық. Сол жерге тоқтадық. Дүкеннің алдында бір топ бала тұрған. Нұрқияс сөйлесіп қайтайық деп көліктен түсті. Біз 1-2 минуттан кейін дүкенге темекі алу үшін кірдік. Бірінші Эльмира, сосын мен кірдім. темекі сұрадық, бізге «сатпаймыз» деді. Сосын мен бірінші болып шығып кеттім, артымнан Эльмира шықты. Біз шыққан кезде ерегес басталып кетті. Содан мен көліктің артына кеттім. Равиль қасымда тұрды. Сосын атыс басталды. Бізге қарай сақалды, бойы ұзын, сұр киінген жігіт оқ атты. Біріншісін аспанға, сосын бізге қарай атты. Одан кейін көшенің арғы бетіне өтіп төбелесіп кетті. Мен көлікке кіріп отырдым», – деді Дана Жақсыгелді сотта берген жауабында. 

Куәгердің айтуынша, мылтықтан оқ атқан сақалды, ұзын бойлы жігіттің аты-жөні Нұрғанат Ғайыпбаев екенін тергеу кезінде білген.

«Оның мылтықты нақты қайдан алғанын көрген жоқпын, бірақ дүкеннің бұрышында ағаштар бар, сол жерден қараңғы жақтан келе жатқан болатын. Оның мылтықтан оқ атқанын естідім және көрдім»,  – деді Дана Жақсыгелді.