«Мен оларды танымаймын»: Петропавлдық блогер аза тұту күнінде билегені үшін қамауға алынды
Петропавлда жалпыұлттық аза тұту күні әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде теріс қылық жасаған әйел 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Астана, NEGE. Полицияның мәліметінше, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты жарияланған жалпыұлттық аза тұту күні TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, би билеген 42 жастағы Петропавл тұрғыны Ирина Антоненко әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әйел эфир барысында өзі жеке танымайтын марқұмдар үшін көңіл көтеруден бас тарта алмайтынын айтқан.
Осы оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп, жинақталған материалдарды сотқа жолдады.
«29 қыркүйекте сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Оқиғаға заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілді», – деп хабарлады полиция.
Ведомство «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ екенін атап өтті.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші теңізге батып кеткен. Нәтижесінде 14 әскери қызметші қаза тауып, 3-еуі құтқарылды.
Марқұмдардың қазасына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.