Перизат Қайраттың туысынан Дубайда құны 5,9 млн доллар болатын жеті пәтер анықталды

Он жылға сотталған Перизат Қайраттың туысынан Дубайда жалпы құны шамамен 5,9 млн доллар немесе 2,67 млрд теңге болатын жеті жылжымайтын мүлік анықталды.

Перизат Қайрат/instagram.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Дубайдағы жылжымайтын мүлік тізілімінің деректеріне сілтеме жасаған Telegram-дағы «Выход к морю» арнасы хабарлады.

Арна мәліметінше, пәтерлер Перизат Қайраттың анасының туған ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы Гүлбану Алашбаеваның атына рәсімделген. Жылжымайтын мүліктер Дубайдағы бірнеше элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан. Олардың арасында Бурдж-Халифаға жақын нысандар да бар.

Тізімдегі ең қымбат мүлік – Vida Dubai Mall Tower II кешеніндегі екі бөлмелі пәтер. Оның құны шамамен 1,12 млн долларды құрайды. Ал Azure Residence кешеніндегі екі пәтердің жалпы бағасы 1,65 млн долларға бағаланған. Тізімде Forte Tower II, Bellevue Towers және Harbour Views кешендеріндегі пәтерлер де бар.

Пәтерлердің бірі бұған дейін қысқа мерзімді жалға берілген. Оны 2020 жылы 380 мың долларға сатып алып, кейін сатқан.

Арнаның жазуынша, Перизат Қайраттың туыстары бұл жылжымайтын мүліктерді 2020-2022 жылдары сатып алған. Алайда жазба авторларының мәлімдеуінше, Гүлбану мен Сәбит Алашбаевтар ірі кәсіпкер емес, риэлтор болып жұмыс істейді.

Айта кетейік, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық желеуімен жиналған 3,5 миллиард теңгені жымқырды деген айыппен сотталды. Сот шешімімен Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан мынадай мүліктер тәркіленді:

–«Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке тұрғын үй;
– «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары;
– 2024 жылы шығарылған «Mercedes-Benz S450», «Lexus LX 600», 2023 жылғы «Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC», 2024 жылғы «Haval H6 GT» маркалы автокөліктер;
– «Rebel Flowers» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
– 97 миллион теңгеден астам және 22 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат.

Сотталғандар 50 азаматтық талап арыз бойынша 1,5 миллиард теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.