Перизат Қайраттың қорына 1 миллион теңге аударған зейнеткер ақшасын қайтарып алғысы келеді
Астана қаласында Перизат Қайраттың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Іс бойынша жәбірленушілер сотта куәлік етуде.
Астана, NEGE. Сотта Балқаш қаласынан келген зейнеткер Әмина Аймағамбетованың да куәлігі тыңдалды. 2024 жылдың сәуір айында ол банк қосымшасы арқылы BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық ұйымына 1 миллион теңге аударған.
- Тақырыпқа орай: Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары да Перизат Қайраттың қорына ақша аударған
Оның айтуынша, ол бұл әрекетке дейін Перизат Қайратты да, оның анасын да танымаған. Қордың Instagram желісіндегі қызметін де бақыламаған, тек ұйымның атауы сенім ұялатқан.
«Сол жерде көптеген жарнама жарияланып жатты. Бірақ неге екені белгісіз, дәл осы BizBirgemiz атауы сенімді көрінді. Ақша нақты мақсатқа жетеді деп ойладым, сол себепті аудардым», – дейді жәбірленуші.
Қазір ол өзі жіберген миллион теңгені қайтаруды талап етіп отыр. Айтуынша, зейнеткер үшін ондай ақша артық болмайды.