16 августа 2023 г. 8:28

Педофилдер парады. Бас прокурор НЕГЕ «қалғып» кетті?

Фото:

Биыл 13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында аса қауіпті рецидивист-қылмыскер 5 жасар қызды айуандықпен зорлап, артынан пышақтап өлтірді. «Аса қауіпті» деп отырғанымыз, күдікті бұған дейін де адам өлтіргені үшін істі болған.

Статистикаға көз жүгіртсек, әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың 77 пайызы өз әкелерінен, өгей әкелерінен, туыстарынан және көрші-қолаңнан қорлық көреді екен. Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды көршісі қорлап өлтіргені – осыған дәлел.

Қылмыскердің бұған дейін адам өлтіргенін және адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргенін ескермеген қадағалаушы орган мен соттың әрекеті онсыз да ширығып отырған елді одан әрі дүрліктірді.

Фото: ғаламтордан

    Ақпан айының 5-інде әлгі қылмыскер ауылдасының басынан балтамен ұрып, бас сүйегін сындырып жіберген. Мамыр айының 4-інде Сарыағаш аудандық соты оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап асқан мейірімділік танытады. Мұның салдары белгілі: прокуратура мен соттың әрекетсіздігі салдарынан 5 жасар бүлдіршіннің өмірі қиылды...

    Енді қараңыз, қанқұйлы қылмыс 13 шілде күні жасалды. Бір күннен соң, яғни 14 шілдеде Бас прокурор Берік АСЫЛОВ ҚР Жоғарғы сотына касациялық тәртіппен наразылық жолдап, Сарыағаш аудандық сотының үкімін өзгертуді, шартты жазаны нақты жазаға өзгертуді сұрайды.

    Қылмыскер ауылдасының бас сүйегін балтамен ұрып сындырғаннан бастап бес жасар бүлдіршінді асқан қатыгездікпен зорлап өлтіргенге дейінгі аралық – бес айдан асатын уақыт. Осы уақыт аралығында прокуратура НЕГЕ сот үкіміне наразылық танытпаған?

    Фото:gov.kz

    Біз Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдап, төмендегідей бірнеше сұрақ қойғанбыз:

    1. Биыл ақпан айының 5-інде күдікті «адам өміріне қасақана зиян келтіргені үшін» айыпталды. Сот не себепті оны тек бас бостандығын шектеп қана қойған?

    2. Сот оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған кезде прокуратура неге сот үкіміне наразылық жолдамады?

    3. Сарыағаш аудандық прокуратурасының бұл әрекетін қалай бағалайсыз?

    4. Сот дұрыс жаза тағайындамағаны анық, бұл үкімге наразылық жолдамаған прокуратура қызметкеріне шара қолданылды ма?

    5. Аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы 13 шілдеде белгілі болды. Ал Сіз Сарыағаш аудандық сотының үкіміне қатысты Жоғарғы сотқа 14 шілдеде наразылық жолдапсыз. Тым кеш емес пе?

    6. Қоғам педофилдерге өлім жазасын қайтаруды талап етіп отыр. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

    Ресми сауалымызға Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі бастыңының міндетін атқарушы Р.ДУБАЕВАДАН жауап келді.

    «Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылдың 4 мамырындағы үкімімен Гаийбназаров денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды.

    Аталған үкімге Бас Прокуратура кассациялық тəртіппен наразылық келтірген. Жоғарғы Сотпен наразылық қанағаттандырылып, Гаийбназаровқа қатысты жаза 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

    Бұл үкімге мерзімінде шағым бермеген Түркістан облысы прокуратурасының қызметкерлері қатаң тəртіптік жауаптылыққа тартылып, Сарыағаш ауданының прокуроры қызметінен босатылды.

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер блогы дайындалуда. Осы қылмыстар үшін санкцияларды қайта қарау, жаза тағайындау жəне босату тəртібін өзгерту, соттылықтың күшін жою, адамдарға қарсы ауыр жəне аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға əкімшілік қадағалауды бегілеу жағдайлары қарастырылуда екендігін хабарлаймыз».

    Өткеннен сабақ алмайтынымыз өкінішті. Құзырлы орган басшысы «қалғып» кеткен сәтте қаншама жан қан жұтарын ойлаудың өзі қорқынышты...

    Тегтер: