Павлодарлық кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың қазасы: полиция не дейді?
Биыл 12 қыркүйекте Павлодар облысында қайық аударылып, 42 жастағы кәсіпкер Икрам Нұрмашов суға батып қаза тапқан. Алайда кәсіпкердің мәйіті арада бірнеше күн өткеннен кейін ғана табылған.
Астана, NEGE. Марқұмның қарындасы Құндыз Нұрмашова оқиға кезінде қайықты Павлодар қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Марат Мұсабаев басқарған болуы мүмкін екенін, осыған байланысты істің мән-жайы толық әрі объективті зерттелмей қалуы ықтимал екенін мәлімдеген еді.
Марқұмның туыстары іздеу жұмыстарының ұйымдастырылуына, куәгерлердің жауаптарына және тергеудің объективтілігіне қатысты күмән келтірген.
Кәсіпкердің жұмбақ жағдайда қаза табуына байланысты NEGE редакциясы Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Павлодар облыстық полиция департаменті редакциясының ресми сауалына берген жауабында қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Полиция органдары тарапынан қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген полиция жауабында.
Дегенмен ведомство жауабында қылмыстық істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны, Марат Мұсабаевтың процессуалдық мәртебесі және туыстарының өзге де уәждеріне қатысты мәліметтер нақтыланбаған.
Павлодарлық кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың қазасына қатысты дау мұнымен тоқтаған жоқ. Таяуда Нұрмашовтың 17 жастағы Ясмин есімді қызы Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстарымен арада жанжал шыққаннын мәлімдеді.
Жасөспірімнің айтуынша, 19 қыркүйекте өткен жерлеу рәсімінен кейін әкесінің туыстары өзін және анасын қорлап, үйден шығуды талап еткен. Сондай-ақ марқұмның мүлкіне қатысты дау туған. Бірде анасы екеуі үйге оралғанда, есіктің құлпы ауыстырылғанын байқаған. Кейін полицияның көмегімен жеке заттарын алып шыққан.
Қыз видеоүндеуінде отбасындағы жанжалдың бейнежазбаларын да жариялаған. Бұл жайт желіде қызу талқыланып, әлеуметтік желі қолданушылары марқұмның дәрігер болып жұмыс істейтін әпкесіне де наразылық білдіріп, ол қызмет ететін емхана басшылығынан шара қолдануды талап етті.
Емхана басшысы жағдайдың мән-жайын толық білмейтінін айтып, дәрігердің жұмысы тексеру аяқталғанша уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешім қабылданбаған.