Павлодарда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде зейнеткерді қағып кетті
Жол-көлік оқиғасы 7 шілде күні Павлодар қаласындағы Академик Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған.
Астана, NEGE. Instagram желісіндегі Ti.pavlo парақшасында оқиға орнында түсірілген видео жарияланды. Онда жедел жәрдем көлігінің бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқаны айтылған.
«Жарқылдақ маяктары мен арнайы дыбыс белгісі қосулы реанимобиль жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте жолға әйел жүргінші шыққан. Көлік қағып кеткеннен кейін 103 қызметкерлері оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді», – делінген жазбада.
Медицина қызметкерлері бара жатқан шақырту басқа бригадаға тапсырылған.
Жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апатына қалалық полиция қызметінің өкілдері түсініктеме берді.
«JAC маркалы жедел жәрдем көлігін басқарған жүргізуші Академик Сәтбаев көшесімен келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бұл факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Ауруханаға түскен әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Дәрігерлер оның екі жіліншегі сынғанын, сондай-ақ денесі көгеріп, сырылғанын айтты.