Павлодарда сөмкедегі пауэрбанк жарылып, блогер қызды күйік шалды

Оқыс оқиға 14 маусымда Павлодар қаласындағы фитнес клубтардың бірінде болған. Диляра есімді блогердің сөмкесіндегі пауэрбанк жарылып, денесінің сөмке асынған бөлігі күйіп қалған.

Видеодан кадр/instagram.com/dilyara_k11

Астана, NEGE. Қыздың айтуынша, оқиға санаулы секунд ішінде болған. Сөмкесінен түтін шығып жатқанын Диляра бірден байқамаған. Атысқа ұқсас дыбыс шыққанда ғана иығына асып алған сөмкесі өртеніп жатқанын түсініп, оны алысқа лақтырып тастауға ұмтылған. Дәл сол кезде қатты жарылыс болып, жалын қыздың денесі мен шашын шарпып өткен.

Отқа оранған қызға спорт клубының қызметкерлері дереу көмекке ұмтылып, қолда бар құралдармен өртті сөндіруге кіріскен. Алайда сөмкедегі өртті бірден сөндіру оңайға соқпаған.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен қыз шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер Диляраның қолы, қолтығы мен іш тұсы күйгенін айтып, оны ауруханаға жатқызуды ұсынған. Алайда қыз ауруханада қалудан бас тартқан.

Блогер қыз бұған дейін телефон қуаттағыштарға өте сақ қарап келгенімен, жазым аяқ астынан келетінін айтып, оқырмандарына пауэрбанк аларда оның сапасын мұқият тексеруге кеңес береді.