Павлодарда шиномонтаж қызметкері дөңгелек жарылғаннан кейін қаза тапты

Алдын ала ақпарат бойынша, жүк көлігінің дөңгелегін орнату кезінде дөңгелек жарылып, жұмысшы ауыр жарақат алған.

NEGE/kolesa.kz

Астана, NEGE. Қайғылы оқиға 7 қыркүйекте Жібек жолы (Үлкен айналма жолында) көшесінде орын алды. 

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сағат 10:30-да жедел жәрдем қызметіне шақырту түскен. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері ауыр жарақат салдарынан ер адамның оқиға орнында қайтыс болғанын растады. 

Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактісі бойынша полиция органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция департаменті.

Полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.