Павлодарда Президенттің ел болашағына қатысты кітабы сөз болды

Павлодарда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

pavlodarnews.kz

Астана, NEGE. Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабы талқыланды. Достық үйінде өткен іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, қаламгерлер, журналистер, мәдениет және білім саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Мемлекет басшысының жаңа еңбегі еліміздің қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін, қоғам алдындағы өзекті міндеттер мен ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді қамтиды. Жинақта әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіпті нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен рухани құндылықтарды қолдау, цифрландыру, экологиялық мәдениет және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне ерекше мән берілген.

pavlodarnews.kz

Талқылау барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, Мемлекет басшысының бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейту және қоғамда заң мен тәртіпке негізделген әділет қағидаттарын орнықтыру.

«Біздің жұмысымыздың нәтижесі тек статистикалық көрсеткіштермен немесе қағаз жүзіндегі есептермен емес, ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен, азаматтардың мәселелерін нақты шешумен және мемлекетке деген сенімді арттырумен бағалануы тиіс», – деді Айгүл Мәлікова.

Оның пікірінше, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, зиялы қауым өкілдері, жастар, кәсіпкерлер және жалпы қоғам үшін маңызды ой-толғамдар жинағы.

Жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақ тұлпар» журналының редакторы Сайлау Байбосын да кітаптың мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, еңбек 21 тараудан тұрады және қоғам өмірінің негізгі бағыттарын қамтиды.

«Кітапта сыртқы және ішкі саясат, экономика, цифрландыру, тіл мәселесі, ұлттық қауіпсіздік секілді қоғам үшін маңызды бағыттардың барлығы қамтылған. Оның ерекшелігі – ұзақ мақалалар мен көлемді мәтіндерден гөрі, ой-тұжырымдардың афоризм түрінде берілуі. Сондықтан кітапты оқу жеңіл әрі қажетті бөлімді тез тауып, негізгі ойға назар аударуға мүмкіндік береді», – деді Сайлау Байбосын.

pavlodarnews.kz

Журналист Мемлекет басшысының дипломатия мен халықаралық саясат саласындағы көпжылдық тәжірибесі кітаптағы ойлардың мазмұнына ерекше мән беретінін атап өтті. Оның пікірінше, жинақтан Президенттің мемлекеттік басқару мен сыртқы саясатқа қатысты ұстанымдарымен қатар, халықаралық деңгейдегі саясаткер әрі дипломаттың тәжірибесі де көрініс табады. Сайлау Байбосын елдің басты құндылықтарының бірі – бейбітшілік пен тұрақтылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен ауызбіршілікті сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарттары.

Талқылауда жазушы Ғалымбек Жұматов та өз пікірін білдірді. Ол аға буынның жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен білімін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, көрегендік, парасат пен жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе – кейінгі буын үшін баға жетпес құндылық. Мемлекет басшысының еңбегінен де осындай өмірлік және кәсіби тәжірибенің сабақтастығын көруге болады.

Іс-шара барысында кітапта көтерілген ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдениет пен руханиятты дамыту, заң мен тәртіпті нығайту, жас ұрпақтың ел болашағына жауапкершілігін қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Қатысушылардың пікірінше, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі маңызды мәселелерді саралап, қоғам мен мемлекет алдындағы ортақ жауапкершілік туралы ой қозғайтын еңбек.