23 октября 2024 г. 5:10

Павлодарда орман арасында тұрған 6 балалы отбасы депортацияланды

Фото: әлеуметтік желіден

Кәмелет жасына толмаған алты баласы бар ресейлік отбасы 2016 жылдан бері Қазақстан аумағында тұрып келген. Неке қию органында ресми тіркелмеуіне байланысты балаларында құжат та болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Павлодар соты 6 баланың әкесі, Ресей елінің 36 жасар азаматының ісін қарап, оны Қазақстан аумағынан шығаруды ұйғарды. Шетелдік көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылып, үш тәулікке қамауға алынған.

Сотта ер азамат бұған дейін дәл осындай әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, бірақ материалдық жағдайының ауырлығына байланысты сот белгілеген ауыппұлды төлей алмағанын жеткізген.

«Ер адам сондай-ақ балаларының құжатын ресімдеумен шұғылданып жатқанын, жақын арада азаматтық некедегі әйелімен тұрақты тұру үшін Ресей Федерациясына кетуді жоспарлап отырғанын хабарлады», делінген сот құжаттарында.

Сот қаулысында депортация мерзімі 2024 жылдың 22 қазаны деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның ақпарынша, ресейлік ер азамат бүгінде балаларымен бірге өз отанына кетіп үлгерген. Ал балалардың анасы Павлодарға оралуға мәжбүр болды.

«17 қазан күні ата-анасы балаларын алып Павлодардан ресейлік Барнаул қаласына шыққан. Алайда құжат мәселесіне байланысты анасын РФ шекарасында өткізбеді. Қазір ол Павлодарда, төлқұжаты мен визасына қатысты мәселе бар. Мәселені шешумен шұғылданамыз. Барлығы дұрысталған соң әйелді ұшақпен аттандырамыз»,-деді Д.Зәкиева.

Әйел бұған дейін ДНҚ-тест тапсырып, барлық б баланың анасы өзі екенін дәлелдеген. Сондай-ақ ер азамат та олардың нақты әкесі екені анықталды. Анасы балалардың екеуін ғана перзентханада босанған. Өзгесін үйде күйеуі өзі босандырып алғаны белгілі болды.