Павлодарда қатты желден ағаш құлап, 67 жастағы әйел мерт болды

Павлодардағы аулалардың бірінде қатты желден ағаш құлап, 1957 жылғы әйелді басып қалды.

видео-скрин

Алматы, NEGE. Әйел адам ауыр жарақатынан сол жерде мерт болды.

Қайғылы оқиға бүгін таңертең Павлодар қаласы Естай көшесі 89/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің ауласында болған.

«Бүгін сағат 09.37-де Павлодар қаласы Естай көшесіндегі тұрғын үйлер ауласының бірінде әйел адамды құлаған ағаштың басып қалғаны туралы хабар түсті. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 6 минутта жетті. 1957 жылғы әйел адам зардап шеккен. Зардап шегушінің екі аяғы, көкірек тұсы, жамбас сүйектері, омыртқасы сынған, ішкі ағзалары жарақаттанған, 3-4-дәрежедегі жарақат шогын алған. Өкінішке қарай, ол алған жарақаты салдарынан көз жұмды» - деп хабарлады жедел жәрдем стансасынан.

Павлодар облысы аумағында желдің екпіні 30 метрге дейін жеткен.