Павлодар облысында жол апатынан үш ересек пен бір бала қаза тапты
Алматы, NEGE. Қаза тапқандардың арасында бір бала да бар, деп хабарлайды өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі
Қайғылы оқиға 19 сәуір күні «Қалқаман – Керней» автожолының 250-шақырымында, Баянауыл ауданына қарасты Бірлік ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көліктердің бірі қарсы бағытқа шығып кеткен, салдарынан Pontiac пен Lada Granta автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен екі жолаушы, оның ішінде кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары жол апатына не себеп болғанын анықтап жатыр